Алматыдағы жер сілкінісі: хабарландыру жүйесі штаттық режимде жұмыс істеді

04.12.2025 13:30

Мегаполисте Қытай аумағында болған жер сілкінісінің дүмпуі сезілді

Бүгін Астана уақытымен 12:44-де ҚР ТЖМ сейсмикалық станциялар желісі жер сілкінісін тіркеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Зілзала ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 277 км қашықтықта, Қытай аумағында орналасқан. Магнитудасы MPV 6.7, тереңдігі 5 км. Алматыда дүмпулер MSK-64 шкаласы бойынша 3 балл деңгейінде сезілді.

Барлық хабарландыру жүйесі штаттық режимде жұмыс істеді: тұрғындардың телефондарына Mass Alert жүйесі арқылы хабарламалар жіберілді, қала бойынша дауыс зорайтқыш арқылы ескерту сиреналары қосылды.

Сауда орталықтары мен мектептер, колледждер, ЖОО мен қоғамдық орындарда эвакуация қалыпты жағдайда өтті.

Алгоритмге сәйкес, адамдар ғимараттардан сыртқа шықты. Үрей тудырған жағдайлар байқалған жоқ.

Қала тұрғындары мен қонақтарын сабыр сақтап, құтқару қызметтерінің нұсқауларын орындауға шақырамыз.

Оқи отырыңыз: Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты қосымша ақпарат жарияланды