Алматылық еріктілер 10 мыңға жуық есірткі жарнамасын жоюға көмектесті

24.11.2024 11:19

Мегаполисте жыл басынан бері 624 есірткі қылмысы ашылған

polisia.kz

Алматылық еріктілер 10 мыңға жуық есірткі жарнамасын жоюға көмектесті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімшесінің мәліметінше, Алматыда жыл басынан бері 624 есірткі қылмысы ашылған.

Заңсыз айналымнан 405 келіден астам есірткі, оның ішінде «синтетика» есірткі заттары тәркіленді.

– Жалпы жедел-іздестіру шараларымен қатар нашақорлықтың алдын алу және халықтың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Алматыда жыл басынан бері нашақорлыққа қарсы 585 профилактикалық іс-шара жүргізілді. Бұл мәселеде еріктілер бізге жан-жақты көмек көрсетуде. Олардың белсенді атсалысуымен есірткінің таралуы туралы ақпаратты қамтитын 9 мың 908 граффити суреті табылып, үстін бояп тастау арқылы жойылды. Есірткі саудасын насихаттаған 31 «суретші» ұсталды. Сонымен қатар, есірткіні таратумен және жарнамалаумен айналысатын 450 интернет-ресурс бұғатталды, – деді Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.

Сондай-ақ спикер, биыл қалада 19 есірткі зертханасының жойылғанын, 88 есірткі бетбелгісін қоюшылардың ұсталғанын, 2 есірткі қоймасының жолы кесілгенін айтты.

Оқи отырыңыз: Алматыда №12 мамандандырылған гимназия ғасырлық мерейтойын атап өтті