Алматылық кәсіпкерлерге 86,5 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие беріледі

Мегаполисте кәсіпкерлерге арналған тиімді несиелеу бағдарламасы іске асырылып жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық кәсіпкерлер енді өз кәсібін жеңілдетілген несие арқылы дамыта алады. Шағын және микробизнес өкілдеріне «Almaty Business – 2030» бағдарламасы аясында 86,5 миллион теңгеге дейін қаржы алу мүмкіндігі ұсынылып отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бағдарлама өндіріс, туризм, IT, креативті индустрия, білім беру және өзге де басым салалардағы жобаларды қолдауға бағытталған. Негізгі талап – кәсіпкерлік қызмет Алматы қаласында жүзеге асырылуы тиіс.

Жоба аясында қоғамдық тамақтану саласын дамытуға да басымдық берілген. Яғни, кәсіпкерлікті қолдау бастамасы арқылы қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынатын мейрамханалар ашуға болады.

Айта кетейік, инвестициялық мақсаттарға арналған несие 7 жылға дейінгі мерзімге, ал айналым қаражатын толықтыруға арналған несие 3 жылға дейін беріледі.

«Шағын және орта бизнес өкілдеріне несие жылдық 9 пайызбен беріледі. Ал өндіріс пен өнеркәсіп саласындағы жобалар үшін мөлшерлеме – 6 пайыз. Қаржыландыруды «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының еншілес ұйымы – «Almaty» микроқаржы ұйымы жүзеге асырады», – деді микроқаржы ұйымының кредиттеу жөніндегі бас менеджері Жанар Тасмағанбетова.

Оқи отырыңыз: Жайлы қала: Алматыда жаңа серуен және демалыс аймақтары ашылады