Алматылық қыш шебері көне технологиялардың қазіргі өнерді дамытудағы рөлі туралы айтты

07.07.2026 13:37

Шебердің өзі он жылдан бері керамикамен айналысып келеді

Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметі

Қазақстан қолөнершілері күніне арналған баспасөз конференциясы аясында Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында суретші-керамист Сергей Катунцев қолөнер өнерінің дамуы, дәстүрлі технологиялардың маңызы мен қыш өнерінің қазіргі мәдениеттегі орны туралы ой бөлісті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Оның айтуынша, қолөнер қазір ескі мәдениеттің жұрнағы болып қана қоймай, осы заманғы креативті индустриямен де қатарласып дами бастаған. Шебердің өзі он жылдан бері керамикамен айналысып, саздың табиғи қасиеті мен ежелден келе жатқан күйдіру технологиясын зерттеп жүр екен.

«Бірегей туынды жасап қана қоймай, білімімізді жас ұрпаққа жеткізіп, шығармашылыққа шабыттандырып, дәстүр мен қазіргі өнер арасындағы табиғи байланысты сақтап қалу біздің мақсат», – дейді Сергей Катунцев.

Суретші Орталық Азияның көркемдік мұрасы – көне таңбаларға, петроглифтер мен тарихи белгілерге сүйеніп, оларды қазіргі өнердің көзімен жаңаша пайымдауға тырысқан. Шикізатты іріктеуден бастап дайын бұйымды күйдіруге дейінгі өндірісті толық меңгеріп шыққанын айтып отыр.  

Шебердің пікірінше, Алматы қазір Орталық Азиядағы қолөнердің жетекші орталығына айналып барады. Қаланың халықаралық деңгейде мойындалуы қазақстандық қолөнер мен өнерді шетелге көбірек танытуға сеп болыпты.  

«Шеберлерді қолдап, олардың тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізу – мәдени мұраны сақтап, қаламыздың шығармашылық келбетін қалыптастыратын жақсы бастама деп есептеймін», – деп түйіндеді сөзін Сергей Катунцев.

Оқи отытыңыз: Алматы әлемдік қолөнер қаласы болуға ұмтылады