Алматылық шахматшылар әлем чемпионатында алтын, күміс және қола медаль жеңіп алды
Әлем чемпионатына 82 елден 721 шахматшы қатысты
Алматылық шахматшылар Испанияның Рокетас-де-Мар қаласында өткен ФИДЕ-нің жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын, күміс және қола медаль иеленді. Бұл жөнінде Алматы қаласы Спорт басқармасының өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
13 жасқа дейінгі санатта халықаралық мастер Данис Қуандықұлы алтын медаль жеңіп алып, әлемнің үш дүркін чемпионы атанды. Ол турнир барысында бірде-бір рет жеңілмей, он партияда жеңіске жетіп, бір партияны тең аяқтады. 11 партияның 10-ында жеңіске жеткен Данис 10,5 ұпаймен екінші орын иесінен 1,5 ұпайға басым түсті. Бұған дейін алматылық шахматшы 2023 және 2025 жылдары әлем чемпионы атанған.
15 жасқа дейінгі санатта ФИДЕ шебері Алдияр Жарас күміс медаль иеленді. Ол 11 ұпайдың 8-ін еншілеп, 85 шахматшының арасынан екінші орын алды. Жарысты бастапқы рейтинг бойынша 11-орыннан бастаған алматылық шахматшы әлем чемпионатын жүлдегерлер қатарында аяқтады.
17 жасқа дейінгі қыздар арасында әйелдер арасындағы халықаралық шебер Мария Холявко қола медаль жеңіп алды. Өзінен жасы үлкен шахматшылармен сынға түскен ол 11 ұпайдың 8,5-ін жинады. Соңғы турларда қатарынан төрт рет жеңіске жетіп, үздік үштікке енді.
Әлем чемпионатына 82 елден 721 шахматшы қатысты. Алматылық спортшылар үш жас санатында жеңіс тұғырына көтеріліп, Қазақстан құрамасының жалпыкомандалық жеңісіне үлес қосты. Ұлттық құрама жарысты 13 медальмен аяқтады. Оның жетеуі – алтын, екеуі – күміс және төртеуі – қола.
Оқи отырыңыз: Алматының жасыл желегі жаңа сәндік ағаштармен толықты