Игі іске мыңдаған қала тұрғыны, еріктілер, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері белсене атсалысты
Алматының барлық сегіз ауданында «Таза Қазақстан» бастамасы аясында мазмұны терең, маңызы зор ауқымды сенбіліктер өтті. Бұл игі іске мыңдаған қала тұрғыны, еріктілер, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері белсене атсалысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қатысушылар саябақтар мен аулаларды, өзен жағалаулары мен жасыл аймақтарды тазалап, тұрмыстық қалдықтардан арылтты. Ағаш діңін әктеп, қураған бұтақтарды кесіп, жаңа көшеттер отырғызды.
Түрксіб ауданында сенбіліктің негізгі алаңына айналған «Желтоқсан» саябағында тұрғындар, еріктілер және 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қатысушылары бас қосты. Алдағы Желтоқсан оқиғасының 40 жылдығына орай ұйымдастырылған бұл іс-шараға ерекше рухани және тарихи мән берілді.
«Көпшілігіміз бүгінде ата-әже атансақ та, қоғам өмірінен шет қалған жоқпыз. Бұл саябақтың орны айрықша, оның қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналып келе жатқаны бізді қуантады», — деді «Желтоқсан-86 – Тәуелсіздік қырандары» республикалық қозғалысының төрайымы Гүлбахрам Жүніс.
«Мұндай игі шаралар жыл сайын жалғасып, жыл сайын оған қатысушылар саны артып отыр», — деді аудан әкімінің орынбасары Ермек Әміров сенбілікке шамамен 150 адам қатысқанын айтып.
Алатау ауданында өткен сенбілікке Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жастар мен еріктілер қатысты. Олар аулаларды, балалар алаңдарын, саябақтар мен скверлерді тазалап, көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.
«Осындай сенбіліктерді жүйелі түрде өткізу жоспарда бар. Алдағы уақытта ағаш егу, су айдындарын тазарту және түрлі экологиялық шаралар ұйымдастырылады», — деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Рустам Қайрыев.
Сондай-ақ, ол экологиялық жауапкершіліктің маңызын ерекше атап, бір ғана пайдаланылған батарейканың 20 шаршы метр жерді және 400 литр суды ластай алатынын еске салды.
«Өскелең ұрпақты табиғатқа жанашырлықпен қарауға тәрбиелеу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру өте маңызды», — деді Алматы қалалық дұнған этномәдени орталығы филиалының төрайымы Фарида Айдырқызы.
Жетісу ауданында тазалық жұмыстары Есентай өзенінің бойында — Самырсын көшесінен Палладин көшесіне дейін жүргізілді. Оған 2 500-ден астам адам қатысып, 30-ға жуық арнайы техника жұмылдырылды.
«Мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ауқымы кеңейе бермек. Себебі, олар қала кеңістігіне деген жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді», — деді аудан әкімінің орынбасары Жанасыл Сабырұлы.
Алматыда мұндай сенбіліктер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Олар қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға, қоғамдық кеңістіктерді көркейтуге және тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қоғамдық бастамаға айналып отыр.
Оқи отырыңыз: Алматыда ұстаздар мен жастар «Тәлімгерлер аллеясының» негізін қалады