Алматылық зейнеткерлер сайлауда белсенділік танытып жатыр

Олар жастарға үлгі болу үшін алғашқылардың бірі болып дауыс берді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық зейнеткерлер де саяси науқанда ерекше белсенділік танытып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Наурызбай ауданында Ақсақалдар алқасының төрағасы Мәдениет Кәркенов №542 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. Ол азаматтық борышын өтеу үшін таңғы сағат 07.00-де жұбайымен бірге сайлау учаскесінде болды.

«Жастарға үлгі болу үшін бірінші келіп, өз таңдауымызды жасадық», – деп атап өтті зейнеткер.

Айта кетейік, сайлау учаскесінде барлық қажетті жағдай жасалып, дауыс беру процесі белгіленген тәртіппен жүргізілуде. Азаматтар жеке басын куәландыратын құжаттарын көрсетіп, бюллетень алып, өз таңдауын жасауда.

«Жаңа Қазақстан үшін дауыс бердім. Біздің партиялар дұрыс жолда келеді. Қазақ халқының жақсы үрдістерін ары қарай жалғастырады деп ойлаймын. Сөз жоқ, бағдарлама үлкен. Халыққа деген біздің партиялардың еңбегі зор», – деді Наурызбай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәдениет Кәркенов.

«Бүгінгі тарихи оқиғаға, бір палаталы Құрылтай сайлауына азаматтық борышым деп, өз міндетімді атқару үшін дауыс беруге келіп отырмын. Еліміз аман болсын, әрқашан бейбітшілік заман болсын, қашан да еліміздің жоғарғы деңгейлі саясаты өсіп-өнуіне және халықаралық деңгейде жоғары болуына тілегімді білдіремін», – деді «Желтоқсан ақиқаты» патриоттық қозғалысы РҚБ Наурызбай аудандық филиалының төрағасы Ғани Аюпов.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда түске дейін 4,6 млн-нан астам азамат дауыс берді