Алматының 8 кереметі: мегаполисте Жаңа жылға қалай дайындалды

31.12.2024 15:56

Алматыдағы дәстүрлі Президент шыршасы 400-ге жуық бала қатысты

Жалт-жұлт етіп көздің жауын алған жарық шамдар, жаңа жылдың басты символына айналған 80 шырша, мерекелік концерттер мен аяз аталар шеруі. Биыл Алматы қаласы келе жатқан 2025 жылды кең көлемде тойлап жатыр. Салтанатты іс-шаралар легі 20 желтоқсан басталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көпшілік асыға күткен жаңа жыл мейрамы Алматыда 20 желтоқсанда бастау алды. Жылдағы дәстүрге сай сағат 19:00-де Абай алаңында биіктігі 25 метрге жеткен бас шыршаның шамы жағылды. Осы уақытта қаланың барлық ауданына орнатылған шыршалардың да шамы жағылып, халыққа мерекелік көңіл-күй сыйланды. Сондай-ақ сол күні тегін сырғанау алаңдары да ашылып, келушілердің сонда ұйымдастырылған флешмобтар мен фестивальге қатысуына мүмкіндік жасалды.

"Алматы қаласының ең көрікті мекенінің бірі ол – Көктөбедегі телемұнара. Ол жерге де жаңа жылдық құттықтау жарияланатын болады. Астана алаңында елімізге ең танымал әртістердің қатысуымен және видеоқұттықтаулар, әртүрлі сұхбат форматы, ойындар ұйымдастырылып, концерттер қойылып, халықтың көңіл-күйін көтеретін болады", – деді Мәдениет басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Арман Қалыбеков.

Мерекелік іс-шаралардың «Алматының 8 кереметі: бүкіл отбасыға арналған таңғажайып» атты бағдарламадан басталған. Оған 8 аудан халқы белсенді қатысты. Шаһарда 70-ке жуық іс-шара жоспарланды. Қазақ мемлекеттік циркінде қазір көрсетіліп жатқан «Қар ханшайымы» қойылымы 17 қаңтарға дейін жалғасады. Сондай-ақ қарттарға арналған жаңа жылдық балл өтіп, костюмдер челенджі, ойыншықтар жасау шеберлігі, мекемелерді безендіру бойынша жарыс ұйымдастырылды. Бұдан бөлек қаладағы 12 көшеге 1500 жарық элементі орнатылып, метрополитен ерекше кейіпке енді. Бекеттен бастап, вагондарға дейін безендіріліп, жолаушыларға ұмтылмас әсер қалдырды. Ал тұрғындардың сүйікті орнына айналған Арбат Карнаби көшесін еске түсіріп, түрлі инсталляциялармен жарқырады. Қала халқы «шаһардың әсемдігі - ертегі әлеміне жетеледі» деп, қуанышын жасырмады.

"Өте жақсы безендірілген. Қаланың әдемі-әдемі жерлеріне барамыз. Арбатта серуендеп қайтамыз", – деді қала тұрғыны.

"2024 жыл әрбір отбасына береке, табыс әкелді деген ойдамын. Жаңа жылға үміт көп. Өйткені 2025-те Алматы өркендейді, өседі деген сенімдемін", – деді қала тұрғыны.

"Жақында ғана қыздармен театрға, мұражайларға бардық. Қалада мерекелік атмосфера сезіледі. Рухани іс-шаралардың да жаңа жыл қарсаңында ұйымдастырылғаны қуантады", – деді қала тұрғыны.

Алматыда дәстүрлі Президент шыршасы өтті. Қала әкімінің қатысумен ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға 400-ге жуық бала қатысты. Оларға арнап арнайы мерекелік бағдарлама қойылып, цирк әртістері өнер көрсетті, бағалы сыйлықтар табыс етілді. Ал аяз аталар шеруі көпшілікке ұмтылмас әсер қалдырды.

Айта кетейік, Астана, Абай атындағы алаң мен Арбат сынды халық көп жиналатын жерлерде Аяз аталардың киіз үйлері орнатылып, ертегі кейіпкерлері қуаныш сыйлады. Бұл бастама мерекені қазақи нақышта өтуін мақсат тұтқан.

Аяулым Көлжігіт, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Жылан жылы сән әлемінде қандай өзгеріс болады