Алматының Астана алаңында мерекелік концерт өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қала тұрғындары мен қонақтары Жаңа 2026 жылды қарсы алуға жиналып, танымал эстрада жұлдыздарының өнерін тамашалауда.
Астана алаңында күн жылып кетті, қалада қар жоқ, десе де, бұл мерекелік көңіл-күйге кедергі емес. Алаң жарық шамдар мен мерекелік әуенге бөленіп, басты шыршаның маңында адамдар көптеп жиналған. Сахнада эстрада жұлдыздары бірінен соң бірі өнер көрсетіп, халықтың мерекелік көңіл-күйін одан әрі көтеріп жатыр. Кештің тағы бір ерекшелігі - DJ BATTLE. Мұнда әр диджей өз авторлық миксін ұсынып, жаңа жылдық әуендер мен танымал хиттерді заманауи форматта біріктіреді. Балалар ойнап, ересектер бір-біріне жылы сөз айтып, құттықтау жаудырып жатыр.
Мерекелік концерт сағат 00:30-ға дейін жалғасады. Жаңа жылқы жылы кіріп, Мемлекет басшысы халықты құттықтап, сөз сөйлегеннен кейін кеш дәстүрлі мерекелік отшашуға ұласады. Ал біз 2025 жылдың соңғы эфирін тәмәмдап, барша көрерменді жаңа 2026 жылмен құттықтаймыз! Жылқы жылы баршаңызға жақсылық әкелсін!
Оқи отырыңыз: Алматыда балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған дәстүрлі жаңа жылдық шырша өтті