Алматының Алатау ауданында жаңа қоғамдық кеңістік пайда болады

Құрылыс барысын қала әкімі Дархан Сатыбалды арнайы барып тексерді 

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Алатау ауданында тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Соның бірі – Өжет ықшамауданындағы тоған маңын абаттандырып, жаңа қоғамдық кеңістікке айналдыру жобасы. Құрылыс барысын қала әкімі Дархан Сатыбалды арнайы барып тексерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазір аумақта тегістеу және ескі нысандарды бұзу ісі аяқталып, өзен арнасы тазартылған. Жұмыс сапары барысында шаһар басшысы жергілікті тұрғындармен де кездесіп, болашақ демалыс аймағына қатысты ұсыныс-пікірін тыңдады.

«2024 жылы мердігер мекеменің жұмысты дұрыс жүргізбегеніне байланысты сот шешімімен жұмыстар тоқтаған болатын. Қазіргі уақытта  жобамыз қайтадан корректировкадан өтіп, ақша бөлінуін күтіп отырмыз, мәслихатқа тапсырыс бердік. Осы қыркүйек айында ақша бөлінген жағдайда жұмысты жалғастырып, жылдың аяғына дейін аяқтаймыз», – деді Экология және қоршаған орта басқармасының басшысы Серік Әділбаев.¤

Ал Боралдай ықшамауданында жол инфрақұрылымы жаңарып жатыр. Мұнда бірден 57 көшеге асфальт төселіп, жалпы ұзындығы 14 шақырымнан асатын жол желісі жөнделуде. Қала әкімі құрылыс қарқынымен танысып, атқарылған жұмыстың сапасын бағалады. Жобаны қараша айында толық бітіру жоспарланып отыр.

«Боралдай ықшамауданында 7 көше орташа жөндеуден өтіп жатыр. Бұл шаруаны тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Қазірдің өзінде тротуар жұмыстарының 55 пайызы, үстіңгі жағын тегістеу жұмыстарының 80 пайызы аяқталды. Қазір шұңқырларды жөндеу және кәріз қақпақтарын ауыстыру жүріп жатыр, аптаның соңына қарай асфальт төсеуге кірісеміз», – деді мердігер ұйымның директоры Алексей Анпилов.

Оқи отырыңыз: Алматыда қоқыс алаңы үлгілі мекенге айналды