Биыл ауда осындай 20 абаттандыру жобасын жүзеге асыру жоспарланған
Алматының Бостандық ауданында жаңа қоғамдық кеңістік бой көтеруде. Дунаевский көшесінде ұзындығы 550 метр болатын серуендеу саябағының құрылысы жүріп жатыр. Жоба жеке инвестордың қаражаты есебінен жүзеге асырылып жатқандықтан, оған қала бюджетінен қаржы бөлінбейді. Құрылыс жұмыстарын қыркүйек айында аяқтау көзделген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жаңа демалыс аймағында жаяу жүргіншілер жолы, балалар мен спорт алаңдары, амфитеатр, субұрқақтар және тұрғындардың тынығуына арналған орындар салынады. Сондай-ақ аумақ толық көгалдандырылып, автоматты суару жүйесі іске қосылады.
«Жоба аясында қала әкімі бекіткен түрлі шағын сәулет нысаны мен абаттандыру элементтері қарастырылған. Сондай-ақ аумаққа сан түрлі сәндік бұталар отырғызылып, автоматты суару жүйесі орнатылады. Бұдан бөлек, 90 орындық қойылады», – деді Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Мирас Зейнолдин.
Жалпы, биыл ауданда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында осындай 20 абаттандыру жобасын жүзеге асыру жоспарланған.
Сонымен қатар ауданда көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңарту жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Себебі тұрғын үйлердің едәуір бөлігі осыдан жарты ғасыр бұрын салынған. Қаланың сәулеттік келбетін сақтай отырып жүргізілетін жаңғырту аясында әр ғимаратқа жеке дизайн жобасы әзірленген. Қасбеттерді әрлеуде травертин, гранит және алюминий композитті панельдер секілді ұзақ мерзімге төзімді материалдар қолданылады.
Бүгінде жобаға 67 көпқабатты тұрғын үй енгізілген. Соның 47-сінде құрылыс-монтаж жұмыстары басталған, ал төрт ғимараттың қасбеті толық жаңартылған.
«Бұл – Абай даңғылы, 40-мекенжайындағы аяқталған жобамыз. Мұнда терезе жиектері орнатылып, барлық балкондар бірыңғай стильде жаңартылды. Сондай-ақ металл конструкциялардан жасалған сәндік элементтер қойылды», – деді Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Мирас Зейнолдин.
Оқи отырыңыз: Шымкентте жылу желілерін енді жасанды интеллектісі бар робот тексереді