Қазір жалпы аумағы 695 гектарды құрайтын индустриялық аймақта 151 компания жұмыс істейді
Алматыда елдегі ең ірі индустриялық аймақтардың бірі қарқынды дамып келеді. Жыл соңына дейін мұнда машина жасау, құрылыс материалдары өндірісі, логистика және «жасыл» технология салаларында 11 жаңа зауыт іске қосылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Қазір жалпы аумағы 695 гектарды құрайтын индустриялық аймақта 151 компания жұмыс істейді. Жарияланған инвестиция көлемі 914 миллиард теңгеден асты. Осы уақытқа дейін мұнда 3,5 триллион теңгеден астам өнім өндіріліп, бюджетке 115 миллиард теңгеден астам салық түскен.
Тек өткен жылдың өзінде жалпы құны 225 миллиард теңгені құрайтын 14 ірі жоба іске қосылды. Олардың қатарында қытайлық брендтердің жеңіл көліктерін шығаратын зауыт, сондай-ақ арматура мен құбыр өндіретін кәсіпорындар бар.
Ал жыл соңына дейін жалпы құны 12,5 миллиард теңге болатын тағы 11 өндіріс нысаны пайдалануға беріледі. Сұраныстың артуына байланысты индустриялық аймақтың аумағын қосымша 376 гектарға кеңейтудің үшінші кезеңі пысықталып жатыр.
«Алматы қаласында кәсіпорын немесе бизнес ашқысы келетін инвесторлар алдымен ALMATY INVEST компаниясына жүгінеді. "Бір терезе" қағидаты бойынша олар барлық қажетті ақпаратты алып, кейін өз жобаларын Алматының индустриялық аймағында жүзеге асыра алады», – деді Алматы индустриялық аймағының директоры Ерлан Жайлаубай.
Ірі өндіріс орындарымен қатар, қалада шағын және орта бизнесті қолдаудың тиімді тетігі ретінде шағын өнеркәсіптік парктер де дамып келеді. Кәсіпкерлерге дайын өндірістік ғимараттар мен инженерлік инфрақұрылым ұсынылып, өндірісті қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік жасалған.
Бүгінде Алматыда 23 шағын өнеркәсіптік парк жұмыс істейді. Сонымен қатар жалпы құны 46,9 миллиард теңгені құрайтын тағы 67 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл нысандар толық іске қосылғанда 6,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады.
Сондай-ақ аймақтағы кәсіпорындардың экспорттық әлеуеті де артып келеді. Қазір кабель өнімдері мен жылыту радиаторлары Қырғызстан, Тәжікстан және Ресейге экспортталуда. Ал өндіріс орындарын білікті мамандармен қамтамасыз ету мақсатында алдағы уақытта арнайы индустриялық колледж ашу жоспарланып отыр.
Оқи отырыңыз: Алматыда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселеcі талқыланды