Бүгінде Медеу ауданында 3 мыңға жуық көпбалалы отбасы тұрады
Алматының Медеу ауданында алтын және күміс алқа иегерлеріне төсбелгі табысталды. Салтанатты жиынға жиналған жұртшылық мемлекеттік награда алған аналардың ұлт тәрбиесіндегі үлесіне ризашылық білдірді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Өйткені олар өз өнегесімен жас ұрпаққа мейірім мен жауапкершіліктің, еңбек пен ізгіліктің үлгісін көрсетіп жүр. Ерекшелігі сол, жүрекжарды тілектер айтылған іс-шара әрі 1,5 сағатқа созылған концерттік бағдарлама көптің көңілінен шықты. Ұмытпаған жөн, бүгінде Медеу ауданында 3 мыңға жуық көпбалалы отбасы тұрады.
«Қазақ елі мен демографиясына үлес қосып жүрген өзіміздің “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иегерлерін құттықтадық. Біздің ауданда 3 мыңға жуық көпбалалы отбасы бар, олардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Сондай-ақ өздеріңіз куә болғандай, Алматы қаласының әкімі мен аудан әкімінің атынан алғысхаттар табысталды. Әлеуметтік салада және өзге де бағыттарда еңбегі сіңген тұрғындарымыз марапатталды», – деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нұрлыбаев.
«Республика күні қарсаңында бізді елеп, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлерін марапаттап жатқандарына өте қуаныштымын. Керемет әсер алдым, көп рахмет. Республика күні құтты болсын!» – деді «Алтын алқа» иегері Ақмоншақ Кемелжан.
Оқи отырыңыз: Астанада Республика күніне арналған мерекелік шаралар өтіп жатыр