Алматының Наурызбай ауданында 3 балабақша жаңартылды

08.10.2025 19:33

Бастама мектепке дейінгі мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған

Алматының Наурызбай ауданында биыл 3 бірдей балабақша жаңғыртудан өтті. Бұл бастама мектепке дейінгі мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, сондай-ақ тәрбиеленушілер үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған. Қайта түлеген бөбекжайларда бүгінде 575 бала тәрбиеленіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Наурызбай ауданында мектепке дейінгі мекемелерге айрықша көңіл бөлініп келеді. Биыл 3 бөбекжай-балабақша жаңартылып, бүлдіршіндерге жайлы орта қалыптасқан. Мәселен, шілде айында аудандағы № 172 балабақшада ойын және жатын бөлмелерінен бастап, асханасына дейін күрделі жөндеу жүргізілген. Қабырғалары сыланып, еденге төселген линолеум ауыстырылыпты. Жаңа есіктер қойылып, бөбекжай қасбеті жаңарған.

«Балабақшамызда керемет өзгерістер болды. Іші кең, жайлы, жарық. Келген балалардың көңіл-күйі жоғары. Ата-аналар ризашылығын білдіруде. Қызметкерлер де тың көзқараспен келіп, балабақшамызда жұмыстар заман талабына сай жүріп жатыр», – деді № 172 бөбекжай-балабақша меңгерушісі Гүлнәр Көкентайқызы.

№172 балабақшаға бүлдіршіндерін әкелетін ата-аналар да бастаманы оң бағалап отыр. Олардың айтуынша, жаңарған ғимаратқа балалар ерекше ықыласпен келеді.

«Балабақшаға ауқымды түрде жөндеу жүргізілді. Жайлы, көрікті, әдемі болып өзгерді. Қабырғалары жаңарды. Балаларымыз таңертең қуана келеді», – деді ата-ана Баян Нәби.

«Балабақша күрделі жөндеуден өтті. Өте жоғары сапа, жылы, сәнді, сондай керемет, жақсы ғимарат болды. Кейінгі заман талабына сәйкестендіріп, жақсы жасалды», – деді ата-ана Салтанат Мұхамедқалиқызы.

Наурызбай ауданындағы 2011 жылы есігін айқара ашқан № 45 бөбекжай балабақшасында да ойын алаңындағы әткеншектер ауыстырылып, аумақты абаттандыруға айрықша мән берілген. Сондай-ақ мекеме заманауи жиһаздармен жабдықталып, шаруашылық бөлігі де назардан тыс қалмады.

«2025 жылы назарды шаруашылық бөліміне аудардық. Өйткені балабақшаға келетін азық-түлік балалардың қауіпсіздігі үшін артқы шаруашылық бөліктен кіргізілуі керек. Сол жаққа асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Одан кейін шаруашылық бөлмесінің есігі ашылды. Қоқыс тастайтын жәшіктерді орналастырдық», – деді № 45 бөбекжай-балабақша меңгерушісі Жазира Иманбекова.

 «Екі қызым балабақшаға келеді. Бір қызым бірінші сыныпта оқиды. Жөндеу жұмыстарын жасады. Кілемдер, төсек орын, парталарымыз ауысты. Негізі балабақша ұнайды», – деді ата-ана Жұлдыз Маратқызы

Бүгінде 140 баланы тәрбиелеп отырған № 193 бөбекжай-балабақшасында да маусым айында жаңарту жүргізіліпті. Ішкі қабырғалары қайта сыланып, ғимараттың шатыры толықтай ауыстырылған. Мекеме басшыларының айтуынша, бұл бастама бүлдіршіндерге жайлы орта қалыптастырып отыр.

«Жөндеу жұмыстарынан кейін барлық ата аналар алғысын білдіріп жатыр. Таза, көрікті жерде балалар тәрбиеленіп жатқанына бізде де, ата – аналар да қуанышты», – деді № 193 бөбекжай-балабақша меңгерушісі Гүлзат Жұмаділдаева.

«Жөндеу жұмыстары жақсы жүргізілген. Келгенде көңіліміз көтеріліп қалады. Балалардың барлық ойнайтын жерлері де жақсы, тап-таза», – деді ата-ана Өміргүл Шаншарова.

Айта кетейік, Наурызбай ауданында балабақшаларды жаңартудан бөлек, алдағы уақытта білім беру инфрақұрылымын жетілдіруге де басымдық берілмек. 

Мәди мәлік, Ернат болатбек

Оқи отырыңыз: Алматыда жаңа стадион мен мүгедек жандарға арналған спорт орталығы салынып, «Медеу» жаңартылып жатыр