Жоба аясында жол жабыны жаңартылып, жаяу жүргіншілерге арналған кеңістік абаттандырылады
Алматының негізгі көшелері біртіндеп жаңа кейіпке еніп жатыр. Биыл шаһардағы 8 негізгі бағытта кешенді жаңғырту жүргізіліп, жалпы 34 шақырымға жуық аумақ қамтылмақ. Жоба аясында жол жабыны жаңартылып, жаяу жүргіншілерге арналған кеңістік абаттандырылады. Сол себепті шаһардың кей учаскелері қоршалып, жаяу жүргіншілердің қалыпты қозғалысы уақытша өзгерген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматының орталық бөлігіндегі 8 негізгі көше жаңа кейіпке еніп жатыр. Сейфуллин мен Абай даңғылы, сондай-ақ Масанчи бойында құрылыс қызу. Бір жерде жол жабыны жаңартылса, енді бір тұста жаяу жүргіншілерге арналған кеңістік ретке келтіріліп жатыр. Осыған байланысты кей учаскелер уақытша қоршалып, тұрғындардың жүріп-тұруы үшін балама өткелдер қарастырылған. Ал ұзындығы 1,8 шақырым болатын Масанчи жаяу жүргіншілер аймағы «Қала күніне» орай ашылады. Мұнда 8,5 мыңнан астам бұта отырғызылып, біркелкі үлгідегі люктер орнатылған. Ал құрылыс жүріп жатқан бұл көшелерде байқалатын шаң-тозаңның көтерілу себебін мамандар былай түсіндіреді.
«Жаңғырту жұмыстары «Қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша жүргізіліп жатыр. Яғни көше бойы тұтас қамтылады. Ал тұрғындарды алаңдатқан шаң-тозаңға келсек, оның да өзіндік себебі бар. Жаңа брусчатка төселгеннен кейін олардың араларында аздаған саңылау қалады. Сол аралықтарды бекіту үшін арнайы құм себіледі. Осы жұмыс кезінде уақытша шаң көтерілуі мүмкін. Сондықтан бұл – құрылыс барысындағы уақытша қолайсыздық», – деді Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының бас маманы Шыңғыс Бақытжан.
Жандосов көшесіндегі 3 шақырымдық құрылыс та аяқталуға жақын. Көше бойына жасыл желек егіліп, оны күтіп-баптауға арналған автоматты суару жүйесі орнатылған. Сондай-ақ 8 негізгі бағытта 23 шақырымға жуық жаңа веложолақ салынады. Одан бөлек, қала көркін көлегейлеген ретсіз сымдарды көзден таса ету үшін «Ашық аспан» жобасы қолға алынған.
«Бүкіл жерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, уақытша қолайсыздық деп ойлаймын. Нәтижені көргеннен кейін, қаламыз әдемі болады деп ойлаймын. Әзірге, шыдаймыз, нәтижесін байқаймыз ғой», – деді қала тұрғыны Әли Тұрғанбекұлы
«Бір жағынан қаланың дамығаны жақсы,екіншіден, кептеліс қиындық тудырады», – деді қала тұрғыны Венера Манабаева.
Айта кетейік, жалпы ұзындығы 34 шақырымға жуық 8 негізгі көшедегі жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталады. Әзірге құрылыс жүріп жатқан тұстарда уақытша қолайсыздық бар. Жауапты мамандар тұрғындарды түсіністік танытып, төзіммен қарауға шақырады. Өйткені бүгінгі құрылыс қарбаласының түпкі мақсаты – ертең қала тұрғындары еркін жүріп, қауіпсіз әрі жайлы ортада өмір сүретін кеңістік қалыптастыру.
Мәди Мәлік. Жақсылық Тілепберген
Оқи отырыңыз: Алматылық дәрігерлер 33 жастағы пациенттің көзін сақтап қалды