Алматының сегіз ауданында тегін мұз айдындары жұмыс істейді

23.11.2026 20:42

Биыл Алматыда ашық аспан астында 19 мұз айдыны жұмыс істейді. Оның 12-сінде қала тұрғындары мен қонақтары тегін сырғанай алады. Алғашқы мұз айдындары желтоқсан айында ашылады деп жоспарланған. Қазір нысандарда қысқы маусымға дайындық жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мұз айдындары саябақтарда, ірі спорт ареналарының маңында, сауда орталықтары мен тұрғын алаптарда орналасады. Олардың жалпы аумағы 20 мың шаршы метрден асады. Тегін мұз айдындарының бірі – Тұңғыш Президент қоры саябағында ашылады. Мұнда жаз мезгілінде тоған болған аумақ қысқа қарай мұз айдынына айналып жатыр.

«Қазір тұрғындарға арналған 2 мың шаршы метрлік мұз айдынын дайындап жатырмыз. Оны 1 желтоқсанға дейін ашуға тырысамыз. Негізгі жұмыстар аяқталды. Жүйелер орнатылып, қоршау мен безендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ертеңнен бастап сұйықтық құйылып, мұз қатыру жұмыстары басталады», – деді учаске бастығы Мәди Қалила.

Тегін мұз айдындары қаланың барлық сегіз ауданында болады. Мәселен, Алатау ауданында – «Алматы Арена» аумағында, Алмалы ауданында – Қазақ-Британ техникалық университетінің алдында, Әуезов ауданында – Family Park саябағында ашылады. Бостандық ауданында бірнеше саябақ пен сауда-ойын-сауық орталығында мұз айдындары жұмыс істейді.

Сондай-ақ Жетісу ауданында – Алматы ипподромы мен Көкжиек шағынауданында, Медеу ауданында – «Терренкур» саябағында, «Халық Арена» аумағында, 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында және өзге де демалыс орындарында мұз айдындары ашылады. Наурызбай ауданында Шұғыла шағынауданындағы №221 мектеп аумағында, ал Түрксіб ауданында Сәкен Сейфуллин атындағы саябақта сырғанауға болады.

Алғашқы мұз айдындары желтоқсанда ашылады. Дегенмен нақты мерзім ауа райына байланысты белгіленеді. Себебі ашық алаңдарда мұздың тұрақты қатуы үшін ауа температурасы бірқалыпты болуы қажет.

«Алғашқы мұз айдындары желтоқсанда ашылады деп жоспарлап отырмыз. Нақты күнді ауа райына қарай белгілейміз. Ашық алаңда мұздың тұрақты қатуы үшін ауа температурасы бірқалыпты болуы керек. Сондықтан әр айдынның ашылу мерзімі ауа райы мен алаңның дайындығына байланысты болады», – деді спорт басқармасының бөлім басшысы Бижан Елібай.

Айта кетейік, тұрғындар өз конькиімен мұз айдындарында тегін сырғанай алады. Ал конькиді жалға алу – ақылы қызмет. Оның құнын жалға беруші ұйымдар белгілейді. Қалалық спорт басқармасының мәліметінше, мұз айдындары күн сайын сағат 10:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Күніне төрт сырғанау сеансы ұйымдастырылады. Мұзды күтіп ұстау үшін техникалық үзілістер де қарастырылған.

Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген, Almaty TV

Толық көрсету