Алматының тарихи орталығындағы кешкі жүгіру жарысына 1300 адам қатысты

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Іс-шара аясында экологиялық бастамаларды енгізу жалғасты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 18 шілде күні қала әкімдігінің қолдауымен «Бірінші болу батылдық» корпоративтік қоры ұйымдастырған Summer Relay жазғы эстафеталық жарысы өтті, -  деп хабарлайды Аlmaty.tv

Жарысқа барлығы 1300 адам, оның ішінде 300 бала және әрқайсысы бес адамнан құралған 200 команда қатысты.

Биыл жарыс бағыты алғаш рет Алматының тарихи орталығы арқылы өтті. Қатысушылар Төле би, Қабанбай батыр, Панфилов көшелерімен және Абылай хан даңғылымен жүгіріп өтіп, қаланың танымал мәдени-тарихи және сәулет нысандарының жанынан өтті.

Негізгі сайыс 10 шақырымдық командалық эстафета болды. Бес қатысушының әрқайсысы 2 шақырымдық кезеңді еңсерді. Командалар ерлер, әйелдер, аралас, корпоративтік және кәсіби санаттар бойынша бақ сынасты.

Жас қатысушылар үшін жас ерекшеліктеріне қарай 500, 1000 және 2000 метр қашықтықтарға жеке жарыстар ұйымдастырылды. Ал жанкүйерлер мен қонақтарға арналған ойын-сауық және демалыс алаңдары жұмыс істеді.

Іс-шара аясында экологиялық бастамаларды енгізу жалғасты. Қайта өңдеуге болатын пластиктен жасалған пайдаланылған стақандар бөлек жиналып, кейін қайта өңдеу үшін қордың серіктесі ECO Network ұйымына тапсырылды.

Бес командалық санаттың жеңімпаздарына естелік марапаттар мен сыйлықтар табысталды. Ал PRO және Business санаттарында бірінші орын алған командалар кубоктармен қатар ақшалай сыйлықтарға да ие болды.

«Әлемнің көптеген қаласында орталық көшелер ірі жүгіру жарыстары өтетін орынға айналған. Біз де Алматының тарихи орталығы спортқа қолайлы кеңістік бола алатынын көрсеткіміз келді. Мұндай іс-шаралар тұрғындарға өз қаласының таныс көшелерін жаңа қырынан көруге мүмкіндік беріп, туристер үшін де қаланы тартымды ете түседі», – деді «Бірінші болу батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.

Summer Relay жарысы биыл 27 қыркүйекте өтетін 15-ші мерейтойлық Almaty Marathon марафонына дайындық кезеңдерінің бірі болды. Биыл марафон бағыты 2018 жылдан бері алғаш рет қаланың орталық және тарихи бөліктерін қамтиды.

Оқи отырыңыз: Үкіметте балалардың жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды