Алматының Әуезов ауданы халық бірлігі мерекесін қалай атап өтті

01.05.2026 15:13

Сарыарқа алаңқайында ұлттық мәдени орталықтардың тіккен киіз үйі мен шатырында алуан түрлі көрме де өтті

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Әуезов ауданында таңертеңнен бастап Бірінші мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Негізгі алаң — Family Park пен Сарыарқа алаңқайы ән-күйге, би мен көңіл көтерген халыққа толы болды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сарыарқа алаңқайында ұлттық мәдени орталықтардың тіккен киіз үйі мен шатырында алуан түрлі көрме де өтті. Әрқайсы өз мәдениетінің байлығын таныстырып, қонақтарды дәстүрлі тағамдармен қарсы алды, халық әндерін шырқап, ұлттық әуенмен би билеуге шақырды. Әсіресе өзбек, ұйғыр, қытай мен кәріс бірлестіктері ерекше көзге түсіп, осы жолы ұлттық киімдерінің әсемдігімен көпшілікті тәнті етті.

Осы жерде әжелер өткізген түрлі шеберлік сабақтары да ерекше ықыласқа ие болды. Олар ұлттық әшекейлерді қалай дұрыс тағу керектігін көрсетіп, әр бұйымның мәні мен маңызын түсіндіріп, шеберлікті ғана емес, мәдени мұраның рухын да жеткізді.

Family Park сахнасында кәсіби әртістермен қатар жас таланттар да көңіл күйді көтеруге атсалысты. Түрлі байқаудың лауреаты атанған балалар ұжымы ән айтып, би билеп, саябақты қуаныш пен шаттыққа бөледі. Олардың өнері бұл күннің көркіне айналып, айнала күлкі мен қошеметке толды.

Әуезов ауданындағы Бірінші мамыр мерекесі халықтар достығы жай ғана сөз емес, оның астарында бірлік пен береке жатқанын тағы дәлелдегендей болды.

Оқи отырыңыз: Алматыда Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтті