Алматыда үш өзеннің арнасы жаңғыртылып жатыр

Дархан Сатыбалды аудан әкімдіктері мен жауапты басқармаларға жобаларды жүзеге асыру мерзімі мен сапасын қатаң бақылауды тапсырды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының үш ауданындағы өзен арналары жаңғыртылып жатыр. Мұндағы жұмыстармен қала әкімі Дархан Сатыбалды танысып қайтты. Мамандардың сөзінше, жоба аясында жағалаулар нығайтылып қана қоймай, көгалдандыру ісі де қолға алынып, спорт және балалар алаңы салынбақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қала әкімі әуелі Тұңғыш Президент саябағынан Қарғалы өзеніне дейін созылып жатқан М-1 арнасына ат басын бұрды. Мұндағы 3,8 шақырымдық аумақта жұмыс қызу жүріп жатыр. Жоба аясында қолданыстағы гидротехникалық құрылыстар ауыстырылып, арна жағалауы нығайтылады. Жауаптылардың сөзінше, жарық жүйесі де жөнге келтіріліп, өткелдер салынады.

«2 мың метрден астам участок қоқыстан тазаланды. Жоба бойынша жыл аяғына дейін түгел аяқтап, бітіруге тырысып жатырмыз», – деді учаске бастығы Рабат Әлімов.

Жұмыс сапары аясында Дархан Сатыбалды тағы екі жобамен танысты. Бірі –– Наурызбай ауданындағы Сапожников өзенінің арнасын нығайту болса, тағы бірі – Қарғалы өзені жағалауының Жандосов көшесінен Рысқұлов даңғылына дейінгі бөлігін жаңғырту ісі. Онда инженерлік зерттеулер, көгалдандыру, жарықтандыру, пирстер мен спорт алаңдарын орнату қарастырылған. Жауаптылардың сөзінше, құрылыс-монтаж жұмыстары 50 пайызға аяқталған.

«Жоспар бойынша барлық құрылыс жұмысын жылдың соңына дейін аяқтауымыз керек. Одан соң абаттандыруға көңіл бөлеміз. Мұнда 8 балалар алаңы салынады. Сондай-ақ өзен жағалауында жүргіншілер үшін жол саламыз. Сонда қала тұрғындары судың бойымен Жандосов көшесінен Рысқұлов даңғылына дейін еш кедергісіз жете алады», – деді жоба жетекшісі Бауыржан Тілеуов.

Аталған жобалар аясында іске кіріскен мердігер ұйымдар барлық учаскедегі жұмыс уақытылы аяқталатынын айтты. Ал Дархан Сатыбалды аудан әкімдіктері мен жауапты басқармаларға жобаларды жүзеге асыру мерзімі мен сапасын қатаң бақылауды тапсырды.

Гүлмарал Изатқызы, Амина Үсенова, Ғани Қалуов, Жақсылық Тілепберген, Ялкунжан Әшімжанов

Оқи отырыңыз: Алматы тау бөктерінде екі заңсыз нысан сүрілді

Новости партнеров