Алматының жаңартылған Бас жоспарының жобасы Мәжіліс депутаттарына таныстырылды

20.12.2025 12:57

Жаңартылған құжаттың негізгі бағыттарын талқылауға депутаттар қатысты

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы қаласының әкімдігі шаһардың қала құрылысы кеңесі мүшелері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарына қаланың 2040 жылға дейінгі Бас жоспарын түзету жобасын таныстырды. Жаңартылған құжаттың негізгі бағыттарын талқылауға депутаттар Ерлан Стамбеков, Бақытжан Базарбек және Ирина Смирнова қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Кездесу барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов халық қалаулыларының сұрақтарына жауап беріп, қаланың полицентрлік үлгі бойынша дамитынын атап өтті. Бұл тәсіл жаңа іскерлік аймақтарды дамытуға бағытталған. Онда жұмыс орындары, қоғамдық кеңістіктер мен заманауи инфрақұрылым пайда болады.

Өз кезегінде Парламент депутаттары қаланың Бас жоспарын түзету дер кезінде қолға алынғанын айтты. Өйткені қала халқының жедел өсімі, құрылыс қарқыны мен экологиялық жүктеменің артуы жаңа шешімдерді талап етеді.

Бақытжан Базарбек құжатта сейсмикалық қауіпсіздік жайына ерекше көңіл бөлінгенін айтты. Сонымен қатар, Алматының Бас жоспарына тікелей әсер ететін бірқатар маңызды өзгеріс ҚР жаңа Құрылыс кодексі жобасына енгізілгенін жеткізді.

«Біз құжатқа сейсмикалық қауіп пен сейсмикалық тәуекел сияқты маңызды ұғымдарды енгіздік, сондай-ақ аудандарды міндетті түрде төлқұжаттау қарастырылды. Сейсмикалық қауіп деңгейін аудан-ауданға бөліп анықтау мен көшкін қаупі бар аумақтар карталарын Бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеу кезінде міндетті түрде ескеру қажет. Бұл талаптар бастапқы деректерді беру мен эскиздік жобаларды келісуден бастап жобалық-сметалық құжаттаманы қарауға дейінгі барлық кезеңде қолданылуы қажет. Жалпы алғанда, бұл түзету қаланың дамуына қатысты негізгі мәселелерге жауап береді, сондықтан мен ұсынылған өзгерістерді қолдаймын», – деді Б. Базарбек.

Депутат Ирина Смирнова Бас жоспарды түзету кезінде қала тұрғындарының әлеуметтік қамтылуы басты басымдық болуы керектігін айтты.

«Қаланы дамыту нүктелі емес, кешенді құрылыс арқылы жүзеге асуға тиіс. Яғни, адамдардың мүддесін ескеріп, мектептерге, балабақшаларға, медицина және әлеуметтік нысандарға қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет. Жалпы, біз Бас жоспарды түзету жобасын қолдаймыз, ол қаланың теңгерімді дамуына жол ашады деп сенеміз», – деді И. Смирнова.

Депутат Ерлан Стамбеков қоғамдық көлік жүйесін дамыту жайына, соның ішінде LRT, BRT және метро жобаларын іске асыру мүмкіндіктеріне назар аударды.

Депутат Е. Стамбековтің айтуынша, тұрғындарды ең алдымен экологиялық жүктемені азайту, атап айтқанда ауа сапасын жақсарту, жаңа жасыл аймақтар құру және өндірістік нысандарды тұрғын үй аумағынан тыс аумаққа көшіру жайы алаңдатады.

Еске салайық, қазіргі уақытта қаланың Бас жоспарына 2040 жылға дейінгі түзетулер енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба көлік инфрақұрылымын дамыту, қаланың полицентрлік құрылымын қалыптастыру, қоғамдық кеңістіктерді кеңейту, жасыл белдеуді сақтау және таулы аймақтарда құрылыс салуға тыйым салу сынды бағыттарды қамтиды.

Түзетудегі маңызды бағыттардың бірі – қоғамдық көлікті дамыту. Метро желілерін жеделдетіп салу, LRT және BRT жүйелерін енгізу, сондай-ақ арнайы жолақтарды кеңейту арқылы жолға түсетін жүктемені азайту көзделіп отыр.

Түзету жобасында халыққа ортақ жасыл аймақтарға басымдық берілген. 2040 жылға дейін олардың аумағы үш есеге ұлғайып, 3800 гектарға жетпек.

Оқи отырыңыз: Beles Almaty-2025: Алматыда жылдың үздік спортшылары марапатталды