Beles Almaty-2025: Алматыда жылдың үздік спортшылары марапатталды

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Іс-шараға қаласы әкімі Дархан Сатыбалды қатысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Beles Almaty 2025 спорт жылының қорытындысын шығару рәсіміне арналған салтанатты іс-шара өтті. Шара Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Іс-шараға Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты. Құттықтау сөз сөйлеген мегаполис басшысы Алматының спортты дамытудағы маңызды рөліне, сондай-ақ спорт қауымдастығының қол жеткізген нәтижелерге қосқан үлесіне тоқталды.

«Алматы қазақстандық спорттың алтын бесігі ретінде әділ мойындалған және бұқаралық әрі кәсіби спортты дамытуда жоғары талап қоятын жетекші спорт орталығы болып қала береді», – деді қала әкімі.

Өз сөзінде әкім биыл қаладағы спорт саласы үшін маңызды болғанын атап өтті. Ол алматылық спортшылардың республикалық және халықаралық жарыстардағы табысты өнерін, сондай-ақ спортты ұзақ мерзімді дамытуға бағытталған ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылып жатқанын айтты. Атап айтқанда, қалада алты дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр, «Медеу» биік таулы спорт кешенін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде және 45 мың орындық жаңа стадионның құрылысы қолға алынған.

Дархан Сатыбалды алматылық спортшылардың Қысқы Олимпиада ойындарына қатысуы алдағы жауапты кезең екенін ерекше атап өтті. Қала әкімі бұл сындарлы кезеңнің маңызын айтып, спортшыларға сәтті өнер көрсетіп, жаңа жеңістерге жетуіне тілек білдірді.

Іс-шара барысында бірқатар аталымдар бойынша марапаттау рәсімі өтті, сондай-ақ спорт жылының қорытындысы мен жаттықтырушылардың спортты дамытуға қосқан үлесіне арналған бейнематериалдар көрсетілді. Марапаттарды Алматы қаласының әкімі, Алматы қаласы Мәслихатының төрағасы және Алматы қаласының Спорт басқармасының басшысы табыстады. Іс-шара мәдени бағдарламаға ұласты.

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Өзбекстан Республикасының төтенше және өкілетті елшісімен кездесті

Новости партнеров