Алматының Жетісу ауданында биыл екі жаңа емхана ашылады

10.07.2025 16:55

​​​​​​Сондай-ақ ауданда жаңа мектеп пен инновациялық орталық салынып жатыр

Алматының Жетісу ауданында биыл екі жаңа емхананың есігі келушілерге айқара ашылады. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде тілшілермен жүздескен аудан әкімі Ләззат Жылқыбаева мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін Нүсіпбеков көшесінде күніне 200 адамды қабылдай алатын медициналық орталық, ал Омаров көшесінде 300 адамға қызмет көрсететін тағы бір емдеу орны жұмысын бастамақ.

Сонымен қатар аудан әкімі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жүзеге асып жатқан білім беру нысандары туралы да айтты. Оқушы орны тапшылығын азайту мақсатында былтыр сәуір айында Бұрындай көшесінде 1200 балаға арналған жаңа мектеп құрылысы басталған. Жоспарға сәйкес, бұл білім ошағы биыл желтоқсанда пайдалануға беріледі екен. Бұдан бөлек, жастарға арналған инновациялық шығармашылық орталығының құрылысы да қолға алынбақ.  

«Ауданымыздағы алғашқы инновациялық шығармашылық орталықты Айнабұлақ-2 шағынауданында салуды жоспарлап отырмыз. Жаңа орталықта шығармашылықпен айналысқысы келетін балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі үйірме мен студиялар жұмыс істейтін болады. Мұнда робототехника, IT, дизайн, музыка, театр, бейнелеу өнері және де басқа заманауи бағыттар қамтылады. Орталық заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, креативті және техникалық қабілеттерді дамытуға барлық жағдай жасалатын болады», - деді Жетісу ауданының әкімі Ләззат Жылқыбаева.

Оқи отырыңыз: Алматыда Бекмаханов және Әшімов көшелерінің учаскесінде қозғалыс жартылай шектеледі