Алматы мәслихаты тау бөктеріндегі құрылыстарға шектеуді қолдады
Алматы қалалық мәслихат депутаттары шаһардың жоғарғы бөлігінде көпқабатты тұрғын үй кешендері мен нүктелі құрылыс салуға енгізілген мораторийді қолдады. Халық қалаулылары мұндай тиімді шешім табиғи экожүйені сақтап қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады дейді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Енді Әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасқан аумақтардағы кез келген коммерциялық құрылыс тоқтатылады. Тек тұрғындар үшін аса маңызды әлеуметтік нысандар – мектеп, аурухана мен спорт кешендерін салуға ғана рұқсат етілмек.
«Бұл шара инженерлік және көлік инфрақұрылымына түсетін жүктемені азайтып, құрылыс тығыздығын төмендетуге және жасыл аймақтарды сақтауға көмектеседі. Мұның бәрі экологиялық жағдайдың жақсаруына, таза ауаға, шудың және тау бөктеріндегі аумақтардың шамадан тыс жүктелуін азайтуға ықпал етіп, аумақты тұрғындардың мүдделерін ескере отырып кешенді түрде дамытуға жағдай жасайды», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов.
Қазір тау бөктеріндегі нысандарды тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, мүлік иелерінің рұқсат қағаздары қайта қаралады.
Еске салайық, биыл тамыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың жоғарғы бөлігінде көпқабатты тұрғын үй мен нүктелі құрылысқа шектеу қоюды тапсырған еді.
Оқи отырыңыз: Алматыда құрылыс компаниясы заң бұзғаны үшін лицензиясынан айырылды