Аналитика, деректер және коммуникация өнері: Алматыда «Талдау мектебі. Алматы» жобасының екінші аптасы өтті

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Талдау мектебі. Алматы» білім беру жобасы аясында зерттеу әдістемесіне, үлкен деректермен (Big Data) жұмыс істеуге және көпшілік алдында сөйлеу өнеріне арналған қарқынды оқытудың екінші аптасы өтті. Бағдарламаға мемлекеттік сектор сарапшылары, статистика саласының өкілдері, әлеуметтанушылар және халықаралық бизнес көшбасшылары қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жобаның басты тақырыбы — стратегиялық шешімдер қабылдаудағы аналитикалық ойлаудың рөлі болды. «Үлкен деректер және әдістеме» блогында спикерлер қалалық ортаны дамытуда деректерді пайдаланудың маңызына жан-жақты тоқталды.

Олжас Төлеуов, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары, зерттеу әдістері мен аналитикалық ойлауды қалыптастыру тақырыбында пікір айтты.

Мақсат Түрлұбаев, Ұлттық статистика бюросының басшысы, «Қаланы түсінудің негізі ретіндегі деректер» атты дәрісінде Алматының демографиялық және экономикалық өсім факторларына кеңінен тоқталды.

Аяулым Сағынбаева, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі жанындағы Демографиялық процестерді талдау және болжау орталығының басшысы, демографиялық трендтерге қатысты талдауын ұсынды.

Бағдарлама барысында нәтижелерді талдап, оны аудиторияға түсінікті жеткізу дағдысына ерекше назар аударылды. Азамат Байғалиев «Сарапшылық мәтін: аналитикалық жазбалар, баяндамалар мен шолуларды қалай жазу керек» тақырыбында практикалық сабақ өткізіп, қатысушыларға сапалы аналитикалық материал дайындаудың қыр-сырын түсіндірді. Ал мегаполистің әлеуметтік даму мәселелерін Гүлмира Илеуова «Алматы — әлеуметтанушылар назарында» тақырыбындағы баяндамасында талдап берді.

Бағдарламаның қорытынды бөлімі коммуникациялық дағдылар мен көпшілік алдында сөйлеу шеберлігіне арналды. TEDxAstana конференциясының кураторы, PR және GR саласының сарапшысы Әлия Сандыбай TED Talks феномені және есте қалатын ғылыми-көпшілік форматтағы сөз сөйлеу ерекшеліктері туралы тренинг өткізді.

Бағдарлама халықаралық inDrive сервисінің негізін қалаушы, кәсіпкер әрі қоғам белсендісі Арсен Томский қатысқан пікірталаспен аяқталды. Кездесу барысында қатысушылар аналитикалық тәсілдердің жаһандық бизнестегі практикалық маңызын талқылады.

«Талдау мектебі. Алматы» жобасының екінші аптасы академиялық орта, мемлекеттік аппарат және экономиканың нақты секторы арасындағы білім алмасудың маңызды алаңы екенін дәлелдеді.

Оқи отырыңыз: Кәсіпкерлерге арналған бағдарламалар: Алматы бизнесіне қандай мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді

Новости партнеров