Абай атындағы театрдың 93-театр маусымы ашылды
12 қыркүйекте Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 93-театр маусымының шымылдығын Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» роман-эпопеясының желісі бойынша қойылған «АҚБАЛА» ұлттық балетінің премьерасымен ашты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Премьера толық аншлагпен өтіп, Алматының мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың біріне айналды. Көрермен жаңа қойылымды ұзаққа созылған қошеметпен қарсы алды. Абай атындағы театр тарихында тұңғыш рет Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы заманауи балет тілімен сахнада жаңаша пайымдалды. Көлемді әдеби туындының оқиғасы хореография, пластика, музыка, ишара және сахналық бейнелер арқылы көрерменге ұсынылды.
«АҚБАЛА» қойылымының өзегінде — күрделі тарихи өзгерістер аясындағы адам тағдыры. Спектакльде әйелдің махаббаты мен ана болмысы, үміті мен жоғалтулары, ішкі таңдауы мен уақыт алдындағы арпалысы көркемдік тұрғыда ашылды. Сөздің орнын қимыл басып, кейіпкерлердің сезімі би тілі арқылы жеткізілді. Қойылымның ерекшеліктерінің бірі — балет труппасы, симфониялық оркестр, опера солистері, хор және көне қазақ аспабы — қылқобыз үнінің бір сахнада тоғысуы. Музыкалық кеңістікте Арал теңізінің толқыны, даланың тынысы, уақыттың алаңы мен адам тағдырларының жаңғырығы сезілді. Музыка кейіпкерлердің ішкі әлемін толықтырып, спектакльдің драмалық әсерін күшейтті.
«АҚБАЛА» спектаклінде Арал қасіретінің тақырыбы да маңызды көркемдік желі ретінде көрініс тапты. Теңіз, ана болу, қираған шаңырақ және біртіндеп жоғалып бара жатқан өмір бейнелері кейіпкерлер тағдырын тұтас бір дәуірдің драмасымен сабақтастырды. Басты партияларды Милана Рахимбекова (Ақбала), Архат Әширбек (Еламан), Рүстем Иманғалиев (Тәңіберген) орындады.
Премьераға қазақ балет өнерінің көрнекті тұлғалары, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртістері, сахна саңлағы әрі белгілі педагог-репетитор, «Тарлан» сыйлығының лауреаты Людмила Георгиевна Рудакова мен көрнекті балет әртісі әрі ұстаз Эдуард Джабашұлы Мальбековтің туған-туыстары мен жақындары қатысты. «АҚБАЛА» қойылымы қос өнер саңлағының жарқын рухына арналды. Сондай-ақ кешке Бас демеуші өкілдері, меценаттар мен театр серіктестері, сахна ардагерлері, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.
Театрдың жаңартылған интерактивті музейі ашылды. Премьера алдында Абай атындағы театрдың жаңартылған интерактивті музейінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Музейдің жаңа форматында театр тарихы мен оның көрнекті тұлғалары туралы ақпарат интерактивті шешімдер арқылы ұсынылып, келушілерге театрдың шығармашылық мұрасымен заманауи форматта танысуға мүмкіндік берілді. Ашылу рәсіміне театрдың серіктестері мен меценаттары, сондай-ақ театр тарихында өзіндік орны бар Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Шара Жиенқұлова, Ахмет Жұбанов және Дәурен Әбировтің туыстары қатысты.
Музейдің қорына Қазақстандағы театр-суретшілер мектебінің негізін қалаушылардың бірі Владимир Иванович Колоденконың сирек кездесетін картинасы да қосылды. Балерина бейнеленген туындыны театр хор ұжымының амбассадоры Зауре Розмат пен оның анасы Разия Жанабаевна Есенбаева музейге сыйға тартты. Владимир Колоденконың шығармашылығы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының тарихымен тығыз байланысты. Енді бірегей туынды музей қорынан лайықты орын алып, театрдың бай тарихы мен ұрпақтар сабақтастығын айғақтайтын құнды жәдігерлердің қатарын толықтырды.
«АҚБАЛА» премьерасы Абай атындағы театрдың 93-театр маусымын ашып, ұлттық әдеби мұраны заманауи сахна тілімен қайта пайымдаудың жаңа үлгісін ұсынды. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясында суреттелген адам тағдыры, әйел болмысы, махаббат, ана мен бала және уақыт тақырыптары музыка мен хореография арқылы сахнада жаңа сипатқа ие болды.
Оқи отырыңыз: Қала күніне орай «Ән Алматы» мерекелік концерті өтті