2018 жылы Бостон марафонының жеңімпазы Юки Каваучи мерейтойлық Almaty Marathon жарысында 42,2 шақырымды 2:18:55 уақытта жүгіріп өтіп, екінші орын иеленді. Бұл спортшының Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы жарысы. Оның нәтижесі де, жеңімпаздың көрсеткіші де жарыстың бұған дейінгі рекордынан жоғары болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
15-ші Almaty Marathon биыл 27 қыркүйекте Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті. Ұйымдастырушы – «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры.
Марафон барысында Каваучи де, жарыс жеңімпазы – Өзбекстаннан келген Андрей Петров та бұрынғы бағыттағы 2:19:38 рекордын жаңартты. Петров қашықтықтың 27–28-шақырымында алға шығып, мәреге 2:17:01 нәтижесімен бірінші болып жетті.
«Әрине, жеңіске жете алмағаныма аздап өкініш бар. Бірақ Қазақстанға алғаш келген сапарымда екінші орын алып, марафонды 2 сағат 20 минуттан аз уақытта жүгіріп өткенімді мақтан тұтамын. Сонымен қатар менің нәтижем трассаның алдыңғы рекордынан да жоғары болды», – деді Юки Каваучи мәреге жеткеннен кейін.
Биыл 42,2 шақырымдық марафон бағыты 2018 жылдан бері алғаш рет толық жаңартылды. Қатысушылар сайысты Абай алаңынан бастап, Алматының орталық көшелері мен тарихи бөлігін басып өтіп, Республика алаңында мәреге жетті.
Жапондық спортшы жаңа бағыттың жер бедері мен көрермендердің қолдауына да жеке тоқталды.
«Жол бойындағы жанкүйерлердің қолдауы керемет болды. Бағытта ұзақ әрі бірқалыпты өрлеулер мен еңістер бар, ал тік өр жоқтың қасы. Сондықтан мен бұл трассаны әлемдік деңгейде де жылдам жүгіруге қолайлы бағыт деп санаймын», – деді ол.
Алматыға алғаш келген сапарында Каваучи Үлкен Алматы көліне де барып, оның көрінісіне ерекше әсер алғанын айтты.
Юки Каваучи 2018 жылы Бостон марафонын жеңіп, әлемге кеңінен танылды. Оның 42,2 шақырымдағы жеке рекорды – 2:07:27.
Мерейтойлық Almaty Marathon-ға барлығы 66 елден 16 мың адам қатысты. Оның ішінде 1 534-і – шетелдік жүгіруші. Марафондық қашықтыққа 1 614 адам тіркелді. Әйелдер арасында ресейлік Елена Толстых 2:47:18 нәтижесімен жеңіске жетті.
Марафоннан бөлек, бағдарламаға 21,1 және 10 шақырымдық қашықтықтар, скандинавиялық жүріс және «Экиден» командалық эстафетасы енді.
Оқи отырыңыз: Алматыға «ТМД-ның 2026 жылғы спорт астанасы» сертификаты табысталды