Асылы Осман: Елімізге жанашырлық таныту – әр азаматтың парызы

04.04.2026 15:24

Қоғам қайраткер қазақтың байтақ даласын таза ұстау барша халықтың ортақ міндеті екенін айтты

Видеодан кадр

Бүгін Алматыда өткен ауқымды сенбілікте қоғам қайраткері Асылы Осман ел тазалығы, туған жерге жанашырлық және азаматтық жауапкершілік туралы тағылымды ой айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ол адамның ішкі жан дүниесінің тазалығы мен сыртқы ортаның тазалығы өзара үндесіп жатса, одан асқан сұлулық жоқ екенін атап өтті. Асылы Османның айтуынша, қазақтың байтақ даласын таза ұстау – тек бір мекеменің немесе бір топтың емес, барша халықтың ортақ міндеті.

«Сіздің жан дүниеңіздің тазалығы мен сыртқы тазалығыңыз үндесіп тұрса, одан асқан керемет жоқ. Тұлпар шапса тұяғы мұқалатын, сұңқар ұшса қанаты талатын қазақтың байтақ даласын таза ұстап, елге үлгі болып жүрген – ол сіз бен біз. Отауымыз бөлек болғанымен, Отанымыз бір. Мемлекет басшысы айтқандай, әрқайсымыздың бір ғана Отанымыз бар. Сондықтан Қазақстанға бәріміз жанашырлықпен қарауымыз керек», – деді ол.

Сондай-ақ Асылы Осман тазалық мәдениеті күнделікті өмірден басталатынын ерекше жеткізді. Оның сөзінше, қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарау – әр адамның ішкі тәрбиесі мен азаматтық болмысының көрінісі.

«Тазалықты сақтау – бәріміздің ортақ міндетіміз. Мен қанша жасқа келсем де, әлі күнге дейін көшеде жатқан қағаз-қоқысты “басқалар көрсін” деп айналып өтпей, әдейі көтеріп аламын. Өйткені бір адамның әрекеті болмаса, екінші біреудің көңілінде ой қалады. Сондықтан бүгінгі іс-шараны өте орынды деп есептеймін. Құтты, сәтті болсын! Ел үшін, жер үшін қан төкпей-ақ, жанымызды салып, жанашырлық танытуымыз керек», – деді қоғам қайраткері.

Ол өз сөзін елге ақ батасымен түйіндеп, Қазақстанның өсіп-өркендеуіне тілектестігін білдірді.

«Елімді данасымен,
халқымды санасымен,
сәбиді анасымен,
азаматты парасатымен
сақтасын.
Қазақстанымыз гүлдене берсін!» – деді Асылы Осман.

Оқи отырыңыз: Алматылықтар «Желтоқсан» саябағындағы сенбілікке қатысты