Backstreet Boys Алматыда: көрермендерді қандай тосын сый күтіп тұр

19.09.2025 17:35

90-ыншы жылдардағы сүйікті хиттер, әлемдік деңгейдегі музыкалық шоу. Бүгін Алматыда аты аңызға айналған Backstreet Boys тобының концерті болады. Орталық стадионға америкалық бойз-бэндті асыға күткен 27 мыңдай көрермен жиналған. Құрлық асып, алыс-жақыннан келген шетелдік жанкүйерлердің де қарасы қалың, деп хабалайды Almaty.tv тілшісі.

Құшақ толған гүл, тақия, қазақстандық шоколад. Елімізге алғаш рет келген Backstreet Boys-ты қазазақстандықтар әуежайдан осылай қарсы алған. Содан бері аты аңызға айналған топтың кешіне дайындық қызу жүрді. Орталық стадионға барып, іс-шара алдындағы атмосфераны біз де көріп қайттық. 

Көпшілік асыға күткен Backstreet Boys тобы концертінің басталуына санаулы сағаттар ғана қалды. Күн райының бұзылайын деп тұрғанына қарамастан атмосфера керемет, дайындық қызу жүріп жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұнда 27 мыңдай көрермен келеді деп күтілуде. Соның 3 мыңдайы - шетелдік жанкүйерлер. Көрермендердің барлығы Backstreet Boys тобының әндерін сүйетінін, жастайынан естіп өскенін айтты.

Орталық стадионға тал түстен жиналған көпшілік осылай Бэкстрит бойстың әндерін шырқап, концертті тағатсыздана күтті. Ал шетелдік жанкүйерлер топтың бір де бір кешінен қалмайтын көрінеді. Бұл жолы да бойз-бенд үшін Алматыға арнайы келіпті.

«Топ қалай құрылды, содан бері олардың шығармашылығына ғашық болдым. Өйткені, әндерін күнде радиодан қоятын, теледидардан көрсететін. Бэкстрит бойз – өте талантты вокалистер. Олар мен үшін мәңгілік махаббат секілді!», – деді  жанкүйер Юлия Пелецкая (Ақш)

«Бэкстрит бойздың көптеген әндері бар. Мен олардың барлығын сүйіп тыңдаймын. Маған бойз-бэндтің мүшесі Эй Джей қатты ұнайды», – деді  жанкүйер Сноу Сонг (Қытай)

«Бала кездегі хит группа ғой. Осы топтың әндерімен өстік десек те болады. Сондықтан, асыға күттік. Бұл – енді біз үшін сый. Концертті қуанышпен, асыға  күттік», – деді жанкүйер Естай Жұмаханұлы. 

Ал ұйымдастырушылардың айтуынша концерт қала күніне орайластырылған. Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2 жарым мыңға жуық тәртіп сақшысы, 500 ұлттық гвардия әскері және 200 күзетші жұмылдырылған. Сондай-ақ Абай–Байтұрсынов–Мұқанов–Сәтбаев көшелері аумағында қозғалыс ішінара шектелген. Ал іс-шара алдында кинологтар аумақты тексеріп, инженерлік желілерді бақылаудан өткізеді. Көрермендер металл іздегіш рамалар мен сканерлер арқылы ішке кіргізіледі. Бұдан бөлек, шоу бағдарламасы да ерекше болмақ. Сахнаға үлкен лэд экран орнатылып, көрермендерге лазерлік шоу көрсетіледі.

«Концерт алдында билетсіз кіруге тырысатындар мен алыпсатарлардың болатыны жасырын емес. Алайда ұйымдастырушылар мұндай мәселелердің алдын алды. Сондай-ақ аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл шаруаларға қала әкімдігі мен аудандық әкімдіктердің қосқан үлесі зор. Бұдан бөлек, сахнаға үлкен экрандар орнатылды. Көрермендерді ерекше тосын сый күтіп тұр», – деді орталық стадионның жетекшісі Ерлан Адамбеков.

Сондай-ақ стадионда жедел жәрдем көліктері мен өрт сөндіру бригадалары кезекшілік етпек. Эвакуациялық жоспар да әзірленіп, санитарлық талаптарға аса мән беріліпті. Тіпті тәртіпсіздіктің алдын алу үшін бейнекамералар орнатылып, сенім телефоны іске қосылды. Бұдан бөлек, қолғабыс етуге 150-ге тарта ерікті жұмылдырылған. Мұндай шаралар – Алматының мәдени кештерді ұйымдастыруда жаңа деңгейге көтерілгенін білдірсе керек.

Аяулым Көлжігіт, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Backstreet Boys Алматыда: қала әлемдік деңгейдегі шоуға дайын