Жұлдызды кештің қонақтары арасында тек алматылықтар ғана емес, шетелден келген жанкүйерлер де бар
Алматыда жылдың ең көп күткен музыкалық оқиғаларының бірі өтеді. Бүгін Орталық стадионда аты аңызға айналған Backstreet Boys тобы қала күніне орай концерт қояды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шоу нағыз көрерменді баурап әкететіндей ауқымды болмақ: сахнада 90-жылдар мен 2000-жылдардың сүйікті хиттері шырқалып, атақты бойз-бэндтің харизмасы мен энергиясына толы ерекше атмосфера орнайды.
Қауіпсіздік пен тәртіп
Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2,5 мыңға жуық тәртіп сақшысы жұмылдырылды. Абай– Байтұрсынов – Мұқанов – Сәтбаев көшелері аумағында қозғалыс ішінара шектелуі мүмкін.
Стадионда бір арнайы және екі фельдшерлік бригададан тұратын жедел жәрдем, сондай-ақ өрт сөндіру қызметі кезекшілік етеді. Эвакуация жоспары қарастырылған. Гигиеналық іс-шараларға ерекше назар аударылды: аумақта санитайзерлер орнатылып, күн сайын тазалау және биоөңдеу жүргізілуде.

Еріктілер мен жаңа іс-шаралар
Қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбектің айтуынша, концертке 18 жастан асқан 150 ерікті тартылды. Олар қонақтарға бағыт-бағдар көрсетіп, қосымша жайлылықты қамтамасыз етеді.
Zevs Volunteers қорының негізін қалаушы, 20 жастағы Ким Данияр былай деді:
«Балаларды сағат 11.00-де жинап, жауаптылар мен үйлестірушілерге бөлдік, міндеттер мен қауіпсіздік ережелерін егжей-тегжейлі түсіндірдік. Ұйымдастырушылар тамаққа қаржы бөлді, волонтёрлер күніне үш мезгіл тамақтанады, ал концерттен кейін үйіне таксимен қайтады», – деп атап өтті ол.
Концерттің ұйымдастырушысы First Media Group қауіпсіздік шараларын күшейтті: билет тексерушілер саны 150 адамға дейін артты, қосымша камералар орнатылды, LED-экрандарда сенім телефоны көрсетіледі. Сондай-ақ фуд-корттар кеңейтіліп, тегін су тарату ұйымдастырылды.

Көрермендер көңіл күйі
Жұлдызды кештің қонақтары арасында тек алматылықтар ғана емес, шетелден келген жанкүйерлер де бар. Солардың бірі Лас-Вегастан арнайы ұшып келген Юлия Пелецкая әсерін бөлісті:
«Билетті шілде айында сатып алдым, осы концерт үшін арнайы Алматыға келдім. Қала мені ерекше тәнті етті, өте әдемі, бояуы қанық әрі өзіндік келбеті бар. Бүгінгі кештен шексіз эмоция мен драйв күтудемін, барынша көңіл көтергім келеді», – деді ол.
Алматы – мәдени оқиғалардың орталығы
Артистер үшін стадионда барлық жағдай жасалған, соның ішінде грим бөлмелері бар шатырлы қалашық та қарастырылған. Meet & Greet жанкүйерлермен кездесу рәсімі жоспарланбағанымен, аренаның жанында ресми мерч өнімдері сатылатын үш нүкте жұмыс істейді.
Алматы соңғы жылдары «А» санатындағы концерттердің орталығына айналып келеді. Дженнифер Лопестің жарқын шоуынан кейін бұл эстафетаны Backstreet Boys тобы жалғастырып отыр. Бұл мегаполистің халықаралық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыруда жаңа сапаға көтерілгенін, қауіпсіздік пен көрерменнің жайлылығына ерекше мән берілетінін дәлелдейді.

Оқи отырыңыз: Алматыда қала күні қарсаңында BACKSTREET BOYS концертіне дайындық: қауіпсіздік күшейтіліп, жаңа станданттар енгізіледі