Бет-әлпеттегі өзгерісті де анықтайды: Алматыдағы "ақылды камералар" нәтиже бере бастады

Қазір мегаполисте барлығы 138 мың камера бар

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда орнатылған ақылды камералар қылмыстың азаюына ықпал етіп, оң нәтиже көрсетіп жатыр. Бейнебақылау жүйесінің соңғы үлгісі кез келген техногендік апатты, өзгертілген бет-әлпетті, тіпті жоғалып кеткен заттарды анықтай алады. Мегаполистегі тыныштықты қадағалау мақсатында тағы 45 мың бейнекамера біріктірілген бейнемониторинг жүйесіне қосылды. Нақты уақыт режимінде жүргізілетін технология жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қазір мегаполисте барлығы 138 мың камера бар. Оның 45 мыңнан астамы ортақ бейнемониторинг жүйесіне қосылды. Заманауи құрылғының жұмыс істеу қабілеті де жаңаша деңгейге көтерілді.

"Камерадағы ағымдарды, бейнеағымдарды біріңғай бейнемониторинг жүйесіне қостық. Және кейбір жобалар туралы айтатын болсақ, 2022 жылдың өзінде 3 050 камера орнаттық. Ол адамдар жаппай жиналатын орындарда орнатылды. Оның биыл 6000 камераға дейін созуды жоспарлап отырмыз", - деді Цифрландыру басқармасы ақпараттық қауіпсіздік және деректерді басқару бөлімінің басшысы Нұржан Нұрғисаев.

Бейнебайқылау жүйесінің соңғы нұсқасы жаңа тұтанған оттан бастап, кез келген төтенше жағдайды тіркейді. Тіпті қылмыстың ізін суытпай ашуға көмегін тигізеді. Адамның жынысын, киімін анықтап, тіпті жоғалып кеткен затын тауып бере алады.

Соңғы жылдары қалада бейнебақылау камераларының саны күрт өскенін бәріміз байқадық. Сондай-ақ біріңғай бейнемониторинг жүйесіне жасанды интеллектіні қосып, оның мүмкіндігі еселеп артқанын де білеміз. Мәселен бейне-талдау бет-әлпетіндегі кез келген өзгерісті анықтай алады. Сіз көзілдірік киіп, бетіңізге бояу жағып, шашыңыздың түсін өзгертсеңіз де, кім екеніңіз ақылды камераға мәлім болады. Сондай-ақ жаңа жүйеде кез келген техногендік апаттарды анықтайтын арнайы технология бар.

Бейнекамералардың жылдан жылға тиімділігі артып жатқанын мамандар да атап өтті. Қазір 603 мемлекеттік және 906 жеке нысанды орталықтандырылған жүйеге қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Бейнебақылау жүйесіне қосымша 45 мың бейнекамера қосылды, оның бірнеше қосымша функциясы бар. Яғни, олар адамдардың бетін тануға бағытталған. Сонымен қатар күзет аналитикасы бар функциялар да қосылған. Яғни, бұл қандай да бір болып жатқан оқиғаға тез әрекет етуге, сонымен қатар қылмысқа, құқықбұзушылықтарға жол берген азаматтарды тез арада ұстауға бағытталған", - деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Айта кетейік, жыл басынан бері жасанды жады қосылған бейнебақылау камераларының көмегімен 2,6 миллион заңбұзушылық анықталып, 1700 қылмыс ашылды. Ал жыл соңына дейін қалаға «Сергек» қауіпсіздік жүйесінің қосымша 300 камерасы орнатылады.

Әйкерім Пернебек, Хангелді Ахметханов, Аlmaty TV 

Оқи отырыңыз: Алматы полициясы балаларға ЖҚЕ туралы жадынамаларды әзірледі

Новости партнеров