Сондай-ақ Түрксіб ауданында балалар және спорт алаңы бар қоғамдық кеңістік ашылды
"Қыста – мұз айдыны, ал жаздыгүні ролик тебетін алаңға айналады". Алматының Түрксіб ауданында "Халық қатысатын бюджет" жобасы аясында әмбебап нысан ашылды. "Жас қанат" ықшамауданында орналасқан алаң жастардың сүйікті орнына айналып үлгерген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматының Түрксіб ауданында "Халық қатысатын бюджет" жобасы нәтижелі іске асып келеді. Соның айқын көрінісінің бірі – "Жас қанат" ықшамауданындағы серуендеу аймағы. Тұрғындардың өтінішімен абаттандырылған аумақта жақын арада мұз айдыны да пайда болды. Ал жазда бұл алаң ролик тебетін орынға айналады.
"Аталған мекенжайдағы нысан халықтың, аудан тұрғындарының сұрауымен жүзеге асырылған жоба болатын. Бұл жерде арнайы отыратын орындықтар, автоматтандырылған суару жүйесі орналастырылған. Және қыс мезгілінде конькимен сырғанау алаңдары ашылды", - деді Түрксіб ауданы әкімі аппараты көріктендіру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Пардабаев.
Сондай-ақ ауданда балалар және спорт алаңы бар қоғамдық кеңістік ашылды. Бұрын бос жатқан аумақта қазір тұрғындарға жайлы жағдай жасалып, жарықтандыру желілері жүргізілді. Тұрғындар да атқарылған жұмысқа дән ризамыз дейді.
"Бұрын бұл жерде ешбір құрылыс орны болмаған, қоқыс тастайтын алаң сияқты болатын. Қазір тамаша жасап қойған. Алаңқайда таңертеңнен қария кісілер жаттығу жасап жүреді. Кішкентай балалар да серуендеп, ойнап жатады", - дейді қала тұрғыны Дамина Байноғай.
"Балалар осы алаңқайдың пайда болғанына риза. Ал спорт алаңы бізге тіптен қажет еді. Ұсынысымызды қолдағандарына алғыс білдіреміз", - дейді қала тұрғыны.
Қала әкімінің тапсырмасы бойынша, аталған бағдарлама аясында аудан аумағында былтыр 52 жоба жүзеге асыпты. Оған 2 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген. Соның арқасында жарықтандыру, серуендеу аймағын салу, ойын және спорт алаңдарын абаттандыру сынды шаруалар атқарылған.
Былтыр "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасын жүзеге асыруға қала әкімдігі 18,8 млрд теңге бөлген еді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 5,8 млрд теңгеге артық. Соның аясында алматылықтар аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, спорт және ойын алаңдарын салу бойынша 364 жобаны іске асыруға мүмкіндік алды.
Айта кетейік, мегаполисте соңғы 3 жылда "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы шеіберінде 938 жоба жүзеге асқан. Ал қаржыландыру көлемі осы уақыт аралығында 2,6 есеге артыпты.
Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: Студенттерді әлеуметтік қолдау: Алматыда тағы 14-ке жуық жаңа жатақхана пайдалануға берілмек