Бюджеттің орындалуы: Алматы мәслихаты 2025-2027 жылдарға арналған өзгерістерді қолдады

05.06.2025 18:34

Алматы қаржылық тұрақтылығын сақтап, әлеуметтік жобаларға басымдық береді

Аlmaty.tv

Сессия барысында сөз сөйлеген Қаржы басқармасының басшысы Қанат Сухамбеков Алматы қаласының өткен жылы тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, еліміздегі жетекші қаржылық орталық ретіндегі мәртебесін нығайта түскенін атап өтті. Жергілікті бюджеттің кіріс бөлігі 2 трлн теңгеден асып, 2023 жылмен салыстырғанда 22,2%-ға артқан. Әлеуметтік салаға жұмсалған шығындар көлемі 653 млрд теңгеге жетіп, тұрғындарды сумен қамту көрсеткіші 99,6%-ды құрады, деп хабарлайды Аlmaty.tv қалалық мәслихаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Сондай-ақ қаржы басқармасы алдағы кезеңдерде бюджетті жоспарлау барысында игерілмеген қаражатқа байланысты Ревизиялық комиссияның ұсынымдары ескерілетінін, бюджет тәртібін күшейту маңызды екенін атап өтті.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласы мемлекеттік бюджет түсімдерінің 26%-ын қамтамасыз етіп, ел бойынша көшбасшы аймақ мәртебесін сақтап қалды. Бюджет игерілуі 97,3%-ды құрады. Ең ірі инвестициялар білім беру 99,9 млрд теңге, сумен жабдықтау 39,4 млрд теңге және көлік инфрақұрылымы 29,4 млрд теңге салаларына бағытталды. Бюджет есебінен 84 мыңнан астам студент білім алып, 273 мыңнан астам бала қосымша біліммен қамтылды. 407 білім беру ұйымына турникеттер, бейнебақылау және дабыл түймелері орнатылды. Жедел жәрдем қызметінің 48 көлігі жаңартылып, 946 медициналық құрал-жабдық сатып алынды. Бұл ана өлімін 48,1%-ға, нәресте өлімін 5,9%-ға азайтуға мүмкіндік берді. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында рекордтық 18,8 млрд теңгеге жобалар жүзеге асырылды.

"Өз кезегінде, Ревизиялық комиссия төрағасы қалалық бюджеттің әлеуметтік бағдарын атап өтті – шығыстардың 42,4%-ы халықты қолдауға бағытталған. Комиссия бюджет кірісін ұлғайту үшін мемлекеттік активтерді басқару тиімділігін арттыру, салық салу мен көлеңкелі экономиканы азайтуға қатысты бірқатар ұсыныстар енгізді. Жалпы, бюджеттің орындалуына оң баға беріліп, шығыстарды Алматы қаласының Даму жоспарының мақсаттарымен сәйкестендіру қажеттігі атап өтілді", - делінген хабарламада.

Сессияда Қаржы басқармасы 2025 жылға арналған нақтыланған бюджет көлемі 2 трлн 507,5 млрд теңгені құрайтынын хабарлады. 97 млрд теңге үнемделген қаражат, бос қалдықтар мен кірістердің артуы есебінен қайта бөлінді. Бұл қаражат нақты әрі маңызды жобаларға бағытталады.

Денсаулық сақтау саласында Наурызбай, Алмалы және Түрксіб аудандарында емханалар салынып, №23 қалалық емхана мен «Алау» оңалту орталығына күрделі жөндеу жүргізіледі. Орфандық аурулары бар азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қосымша қаржы бөлінеді. Білім беру саласында Жас Қанат ықшамауданындағы балабақша құрылысы аяқталып, төрт мектепке сейсмикалық нығайту және жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мәдениет саласында Сац атындағы театрды қайта жаңғырту, кітапханалар мен community-орталықтар ашу жоспарланған.

Бюджет қаражаты сумен жабдықтау, газдандыру, лифтілерді ауыстыру, көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына да бағытталады. Көлік саласында Саин көшесіндегі жол құрылысы аяқталып, Ерменсай, Нұрлытау және Нұр-Алатау ықшамаудандарында жаңа жолдардың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленеді. Сонымен қатар, бейнебақылау, бағдаршамдарды басқару және тұрақтарды реттеу элементтерін біріктіретін интеллектуалды көлік жүйесін енгізу көзделіп отыр.

Бұған қоса, сессия барысында депутаттар Алматы қаласы Дін істері басқармасына қарасты мекеме қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына 50% мөлшерінде ынталандыру үстемақы белгілеу туралы ұсынысты қолдады.

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі экономиканың басым бағыттарын дамытуға баса назар аударуды тапсырды