Қалада 2,5 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып жатыр
Биыл 4 мыңға жуық алматылық қоныс тойын тойлайды. Ол үшін қалада 2,5 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып жатыр. Салаға жауаптылардың мәліметінше, баспана кілттерінің дені белгілі бір топ өкілдеріне берілмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Құрылысы жүріп жатқан бұл үйлердің дені халықтың осал тобына жататын жандарға беріледі. Яғни 1 және 2 топтағы мүгедектер немесе мүгедек балалары бар, толық емес және көпбалалы отбасылар. Бұл қатарда Ұлы Отан соғысының ардагерлері, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» наградталған азаматтар да бар. Ал бюджеттік ұйым мен әскери қызметшілер ипотекалық несиелеу бағдарламаларына қатыса алады. Былтыр 4 мыңнан астам адам баспаналы болған.
«2024 жылғы нәтиже бойынша 4326 пәтер берілді. Оның 2 мыңы жаңағы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтағыларға арналған. 2 мың кезекте тұрғандар үймен қамтамасыз етілді. Жұмыс жасайтын жастар бағдарламасы бойынша 2100 пәтер берілді. Олар сатып алу құқығынсыз 3 жылға жалға берілді», – деді Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім жетекшісі Рита Нұрбекқызы.
Мемлекеттік тұрғын үй қоры арқылы баспаналы болған жанның бірі – Дәмелі Шұбаева. 75 жастағы кейуана қуанышты сәтін 15 жыл бойы күткен. Көпбалалы ана пәтерін жалға алу шартымен 3 жылға рәсімдеген.
«2012 жылы әкімшілікке барып көпбалалы аналарға үй береді деген заңды естіп, кезекке тұрдым. Сенген жоқпыз. Ал 2024 жылы «кілт алыңыз» деп хабарласты. Шұғыла ықшамауданынан 3 бөлмелі пәтер берді. Жалғызбасты аналар, мүгедектігі бар балалары бар отбасына берілді. Мемлекет тарапынан көмек депе білем», – деді қала тұрғыны Дәмелі Шұбаева.
Ал тұрғын үй сарапшысы Мақсат Қадырханов «мемлекеттік бағдарламалардың көбейіп, көпшіліктің баспаналы болғаны жақсы, алайда бұл қаладағы үй бағасының өсуіне әсер етеді» деп отыр.
«Алматыда жыл сайын үйдің бағасы 10-12,15 пайызға өседі. Тұрғын үй бағдарламалар бұрын басқа формада болған. Баспана бағасының өсуіне әртүрлі аргумент әсер етеді. Материалдың бағасы, оларды шетелден әкеледі», – деді сарапшы Мақсат Қадырханов.
Айта кетейік, Алматыда арнаулы санатқа енетін азаматтарға берілетін үйден бөлек, түрлі жеке компаниялар да қолжетімді баспана жобаларын жүзеге асырып жатыр. Демек қаладағы баспанаға деген сұраныс азаяды.
Диана Тұрлыбек, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: МӘМС: Алматыда 95 мыңға жуық адам қосымша сақтандырылмақ