Биыл Алмалы ауданында 60 көппәтерлі үйдің сыртқы келбеті жаңартылады

Қала әкімдігі әуелі өткен ғасырдың ортасында салынған нысандарды жаңғыртуға назар аударып отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда тұрғын үйлердің қасбетін жаңарту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Қала әкімдігі әуелі өткен ғасырдың ортасында салынған нысандарды жаңғыртуға назар аударып отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

 Алматыдағы үйлердің салынғанына жарты ғасырдан астам уақыт болған. Бүгінде қасбеті тозып, жаңартуды талап етеді. Сондықтан арнайы бағдарлама шеңберінде ғимараттардың сыртқы келбеті бірізді архитектуралық талапқа сай ретке келтірілген.

«Үнемі жөндеу жүргізу, сылағы түсіп, бояу қабаттарының бұзылуы салдарынан ғимараттардың келбеті нашарлай береді. Сондықтан оларды  жыл сайын жаңартып отыруға тура келеді. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін табиғи тас қолданылады. Бұл - Қазақстанның Маңғыстау өңірінен алынатын әктас, ол тарихи тұрғыдан Алматыда бұрыннан қолданылып келеді. Ал көркемдік безендірілуі жақсы, сәндік элементтері бар ғимараттар болса, біз оларды тек қайта қалпына келтіріп, яғни тарихи келбетін сақтап қаламыз. Қажет жағдайды қосымша элементтермен толықтырамыз», – деді  «Алматыбасжоспар» ҒЗИ директоры Асхат Сәдуов.

Қала әкімдігінің мәліметінше, тұрғын үйлердің қасбетін жаңарту бағдарламасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында негізінен өткен ғасырдың ортасында салынған тұрғын үйлер қамтылады. Қазірдің өзінде бірқатар аудандарда жөндеу жүргізіліп жатыр. Мәселен Алмалы ауданында биыл 60 көппәтерлі үйдің сыртқы келбетін бірізді ету көзделген.

«Қасбеттерді жаңарту алдында біз міндетті түрде тұрғындармен жалпы жиналыс өткіземіз. Эскиздік жоба таныстырылып, олардың ұсыныстары ескеріледі. Сонымен қатар ғимаратқа техникалық зерттеу жүргізіледі. Бұл оның құрылымы мен жүктемеге төзімділігін анықтау үшін қажет. Яғни, барлық жұмыс алдын ала зерттеу мен келісім негізінде жүзеге асады», – деді Алмалы ауданы әкімі аппараты Коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Руслан Айтанов.

Жыл басынан бері Алмалы ауданындағы үш көпқабатты үйдің қасбеті жаңартылыпты. Олар - Назарбаев даңғылы, Жамбыл және Панфилов көшелеріндегі ғимараттар. Ондағы тұрғындар да баспанасы басқаша кейіпке еніп, тартымды бола түскеніне дән риза.

«Менің осы үйге көшкеніме 4 жыл болды. Биыл қыстыгүні үйдің сырты жаңартылды. Өте сапалы материалдар қолданылды», – деді қала тұрғыны Әмір Жексенбек

2017 жылдан бері жерсілкінісіне байланысты норма ауысып жатыр. Сондықтан, меніңше, дұрыс шешім. Әкім келгелі бері шамдар орнатылды. Туристерге де әдемі боп көрінеді», – деді қала тұрғыны Асыл Нұржігіт.

Әкімдік өкілдерінің сөзінше, игі бастама аясында тұрғын үйлердің сыртқы келбеті кезең-кезеңімен жаңартылады. Жоба әуелі қаланың орталық және тарихи аудандарын қамтымақ.

Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Алматы – жаһандық туризмнің орталығында: KITF 2026 көрмесі басталды

Новости партнеров