Алматы жол картасында көрсетілген 10 базарда тиісті жұмыстар аяқталады
Алматы базарлары 2025 жылдың соңына дейін жаңғыртылады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің жергілікті кәсіпкерлермен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жиында белгілі болғандай, Алматы жол картасында көрсетілген 10 базарда тиісті жұмыстар аяқталады. Басқосуда мамандар саладағы бірқатар маңызды сауалдарға жауап іздеді. Нысандардағы санитарлық қауіпсіздік, өртке қарсы жүйе орнату, тұрғындарға қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру сынды мәселелер қаралды.
«Алматы ел экономикасының бестен бір бөлігін құрайды. Қаланың сауда-саттық саласындағы рөлі үлкен. Бүгін талқыланған мәселенің барлығы жоспарға сай, жұмыс орнын жоғалтпайтындай жүргізілуі керек. Шаһар цифрлық бағытта да дамып келеді. Біз осы қарқынды сақтап, жаңашаланған, қауіпсіз, ыңғайлы инфрақұрылымды қалыптастыруымыз қажет. Алда атқарылатын іс қадағаланып, шағын және орта бизнес өкілдеріне қолайлы жағдай қарастыруымыз керек», – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
Оқи отырыңыз: Елімізде көкпардан республикалық жарыс басталды