Биыл Алматыда 12 жаңа мектеп ашылады

21.08.2025 20:38

Алматыда 13 мың оқушыға мектеп формасын тегін үлестіруге 715 миллион теңге бөлінді

Биыл Алматыда жаңа оқу жылы қарсаңында 12 жаңа мектеп ашылады. Ал 27 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет білім мекемелерінің табалдырығын аттамақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мегаполисте оқушы орны тапшылығы әлі де өзекті мәселе. Биыл бұл түйткілді шешу мақсатында 12 жаңа мектептің құрылысы аяқталды. Олар 1 қыркүйекте оқушыларға есігін айқара ашпақ. Жаңа ғимараттардың әрқайсысы 1200-ден 2500 балаға дейін сыйдыра алады. Сондай-ақ «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін 34 мың 800 орынға шақталған 21 білім ошағы ашылады деп жоспарланған.

 «Биыл 12 мектепті ашу жоспарлануда. Қазіргі таңда 7 мектеп құжаттары дайын деп айтуға болады, ал 5 мектепті 1 қыркүйекке дейін толықтай рәсімдеп, ашуды жоспарлап отыр. 1500-1200 орынға арналып салынған мектептер бар, бірақ 3000-3500 бала оқып жатыр. Сондықтан Наурызбай ауданы және Алатау ауданында мектептегі орын тапшылығын шешуге тырысып келеміз», – деді Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов.

Қолданыстағы мектептер де назардан тыс қалған жоқ. Биыл 13 білім мекемесі мен 8 қосымша ғимаратта сейсмикалық күшейту, қайта құру жұмыстары жүргізілді. Осылайша, қосымша 3 мыңнан астам оқушы орны құрылды. Сонымен қатар 188 мектеп, 48 балабақша, 15 колледж ағымдағы жөндеуден өтті.

Жаңа оқу жылы қарсаңында әлеуметтік осал санаттағы балаларға қолдау көрсету жалғасып жатыр. «Мектепке жол» республикалық науқанының шеңберінде Алматыда 13 мың оқушыға мектеп формасын тегін үлестіруге 715 миллион теңге бөлінді. Тағы 10 мыңнан астам баланы тегін тамақтандыру үшін 1,4 миллиард теңге қарастырылған.

«Мектепте қор ашылады, сол қорға қаражат жібереміз. 5 санаттағы категорияға жататын аз қамтылған отбасылардың балаларына қаржылай көмек көрсетеміз. Биыл әр балаға 55 мың теңге бөлінді, 10 мың балаға ақша жібердік», – деді Білім басқармасы Орта және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Ақмарал Айтуарова.

Білім ордаларының қауіпсіздік жүйесі де ерекше назарда. Қаладағы 216 мектеп пен 196 балабақшада бақылау күшейіп, 21 мыңнан аса бейнекамера орнатылды. Әр мекемеде «дабыл түймесі» бар. Мектептерде электронды кіріп-шығу жүйесі енгізілсе, балабақшалар домофонмен жабдықталды. Барлық нысанда өрт дабылы орнатылған.

Әйкерім Пернебек, Рашидин Якупов

Оқи отырыңыз: Алматыдағы Теректі шағынауданы тұрақты электр жүйесімен қамтылады