Биыл Алматыға 1 миллионнан аса турист келген

12.11.2025 21:05

Мегаполисте 18 қонақүй, 1 глэмпинг, 1 капсулалық қонақүй, 21 хостел және 3 демалыс базасы ашылды

Алматыда туристік сала қарқынды дамып келеді. Биыл бірінші жартыжылдықта шаһарға 1 миллионнан аса турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,5 пайыз көп, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы – аспанмен таласқан Алатаудың баурайында орналасқан сұлу шаһар, мәдениет пен өркениет үйлескен ерекше мекен. Мұнда ат басын бұрған әрбір жан тұмса табиғаттың таңғажайыбынан бөлек, мегаполистің даму қарқынын қатар сезінеді. Соңғы жылдары қалада туризм саласы серпін алды. Заманауи инфрақұрылым, жаңа туристік бағыттар мен қонақжайлылық әсем қаланы халықаралық деңгейдегі демалыс орталығына айналдырып отыр.

Шетелдік туристер санының айтарлықтай өскені байқалады. Олардың саны былтырмен салыстырғанда 7 пайыз артып, 323 мың 6 жүз адамға жеткен. Алматыға жиі келетін елдердің көшін Үндістан, Қытай және Түркия бастап тұр. Сонымен қатар АҚШ-тан, Біріккен Араб Әмірліктері, Корей Республикасынан, Ұлыбритания мен Германиядан айтарлықтай турист келген. Ал ішкі саяхатшылар саны  6,3 пайыз өскен.

«Қазақстан – шетелдік туристер үшін жаңа бағыт. Бұл сала әлі қалыптасу кезеңінде. Жаңа, зерттелмеген нәрсеге әрқашан қызығушылық көп. Сондықтан осы кезеңде халықаралық туризмді дамыту үшін  барынша күш салу қажет. Әсем табиғатпен біраз елдің алдында тұрмыз», – деді туроператор Гүлден Оспанова.

Сала мамандары отандық туризмге серпін беру мақсатында бірқатар стратегиялық бастамаларды жүзеге асырып келеді. Олар инфрақұрылымды дамытуға, қаланың танымалдылығын арттырып, халықаралық аренадағы рөлін айшықтауға бағытталған. Мәселен биыл мегаполисте 18 қонақүй, 1 глэмпинг, 1 капсулалық қонақүй, 21 хостел және 3 демалыс базасы ашылды.

«2025 жылы туризмнен түскен салық өсімдері 61,6 млрд теңгені құрады. Шетелде белсенді түрде цифрлық және оффлайн жарнаманы ілгерілетуде. Тікелей әуе қатынасы бар 11 нысаналы елде ауқымды жарнамалық жұмыстар жүргізілуде», – деді Туризм басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Ещанова.

Айта кетейік, Алматыда тау инфрақұрылымын дамыту ісі де қарқынды жалғасып жатыр. Таудағы мың шақырымнан астам  жүргінші бағыты цифрландырылып, оның ішінде 750 километрге жуық бөлігі абаттандырылды. Еске салайын, CNN Travel Алматыны биыл туристер үшін ең тартымды қалалардың бірі деп атаса, британдық The Telegraph әсем қаланы «Орталық Азияның інжу-маржаны» деп сипаттаған.

Гүлмарал Изатқызы, Хангелді Ахметханов

Оқи отырыңыз: Алматыдағы қуыршақ театрында «Менің атым – Қожа» қойылымының премьерасы өтеді