Жүргізушіні бақылайды: шымкенттік оқушылар ерекше құрылғы ойлап тапты

12.11.2025 21:18

Ақылды жүйе әр адамның көз пішініне бейімделе алады

Шымкенттік оқушылар жол апатының алдын алуға көмектесетін ерекше құрылғы ойлап тапты. Бұл аппарат көлікке орнатылып, жүргізушінің ұйықтап кетпеуін бақылайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл шағын ғана ақылды жүйе көздің әр жыпылықтауын, бастың қозғалысын қалт жібермей бақылап отырады. Осылайша ұйқы басқан сәтте аппарат арнайы сигнал береді. Аппарат алғашында көзілдірік түрінде шығарылған. Алайда сынақ кезінде оның жүргізушілерге қолайсыз екені анықталыпты. Сол себепті жас өнертапқыштарға жаңа үлгі жасауға тура келген.

«Сауалнама жүргізіп, көзілдіріктің адамдарға ыңғайсыз екенін түсіндік. Сондықтан екінші прототипін ойлап таптық. Қыркүйекте жасаған жобамызбен түрлі жарысқа қатысып, 2 түрлі марапатқа ие болдық. Біріншіден, оның ойлап тапқанымыз үшін, екіншіден өзектілігі бағаланды», – деді өнертапқыш Дәулет Ернаp  

Ақылды жүйе әр адамның көз пішініне бейімделе алады. Жас өнертапқыштар «әлемде әзірге мұндай құрылғы жоқ» дейді. Дегенмен алпауыт компаниялар осы мәселені шешу үшін үздіксіз жұмыс істеп келеді.

«Осы проблемамен үлкен компаниялар айналысқан. Оларда камералары бар. Ал біз адамдарға мәселені шешуге мүмкіндік беріп тұрмыз», – деді өнертапқыш Алихан Әкім. 

Арнайы құрылғыны алғашқылардың бірі болып Қайнар Қылышбекұлы сынап көрді. 43 жастағы жүргізуші жаңа технологияның қаншалықты қажет екенін атап өтіп, сатылымға шықса міндетті түрде алатынын айтты.

«Шынымен пайдасы бар, өте керекті дүние. Әсіресе, түнгі уақытта ұзақ жолда ұйқы қысады. Пайдалансақ өте жақсы», – деді қала тұрғыны Қайнар Қылышбекұлы. 

Құрылғыны ойлап тапқан жігіттер аппаратқа қажетті компоненттердің барлығы шетелден алынатынын айтты. Сондықтан стартапқа инвесторлар табылса, жас өнертапқыштар ақылды жүйені сатылымға шығаруға дайын.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Биыл Алматыға 1 миллионнан аса турист келген