Алматыда жастар арасында есірткінің алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «Наркостоп» жобасы жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы қалалық Жастар саясаты басқармасының өкілдері айтты, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жыл басынан бері жоба аясында 20 мыңнан астам жас қатысқан 110-нан астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды.
Жоба барысында интернет кеңістігінде есірткінің таралуына қарсы күреске ерекше көңіл бөлініп отыр. Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде 797 интернет-ресурс бұғатталып, есірткіні насихаттайтын 18 мыңнан астам граффити жойылды.
Биыл жоба жаңа бағытпен толықтырылып, оған оңалту және әлеуметтендіру жұмыстары енгізілді. Қатысушылар үшін қыш өнері мен қолданбалы шығармашылық бойынша шебердің дәрісі ұйымдастырылып, сондай-ақ анонимді алкоголиктер мен тәуелді жандардың жақындарына қолдау көрсететін қауымдастықтардың өкілдерімен кездесулер өткізілді. Жобаның бұл жаңа бағытымен қазірдің өзінде 110-нан астам адам қамтылды.
Жоба есірткі қылмысының алдын алуға, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға және оларды қоғамдық маңызы бар бастамаларға белсенді тартуға бағытталған.
Оқи отырыңыз: Алматылықтарға әлеуметтік қолдау саласында 23 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді