Алматылықтар кәдеге жаратуға 600-ден астам сынапты шам тапсырды

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қалалық Recycle Бірге экологиялық акциясы аясында алматылықтар қауіпсіз кәдеге жарату үшін құрамында сынабы бар 608 шам тапсырды. Мұндай қалдықтар қауіпті қалдық санатына жатады және арнайы өңдеуді қажет етеді, өйткені олардың құрамындағы заттар қоршаған орта мен адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Бұл туралы «Eco Almaty» ЖШС мамандары айтты,деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Сонымен қатар акцияға қатысушылар қайта өңдеуге арналған қайталама шикізат өткізіп, заттарды қайта пайдалануға тапсырды, кітап алмасу шараларына, экологиялық шеберлік сабағына және басқа да тақырыптық іс-шараларға қатысты.

Recycle Бірге экологиялық акциясы Алматыда 2019 жылдан бері өткізіліп келеді. Жоба экологиялық мәдениетті дамытуға, қалдықтарды бөлек жинау тәжірибесін кеңінен насихаттауға және саналы тұтыну қағидаттарын қалыптастыруға бағытталған.

Іс-шара «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында Алмалы аудандық әкімдігінің, Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасының, Жастар саясаты басқармасының қолдауымен, сондай-ақ Алматыны дамыту орталығы мен «Eco Almaty» ЖШС-нің ақпараттық қолдауымен өтті. Ұйымдастырушысы – «Greenup.kz» қоғамдық қоры.

Оқи отырыңыз: Алматыда биыл 790 түлек «Алтын белгі» иегері атанды