Болашаққа бастар жол: Алматыда жаңа буын мектептері таныстырылды

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Қалалық білім басқармасы мен аудандық бөлімдердің ұйымдастыруымен Алатау ауданындағы жаңа мектептерге арналған баспасөз туры өтті, деп хабарлайды  Almaty.tv

Журналистерге 2025 жылы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған заманауи білім ордалары көрсетілді. Іс-шараның басты мақсаты — жаңа форматтағы мектептердің мүмкіндіктерін, техникалық жабдықталуын және оқытудағы тың тәсілдерді таныстыру. 

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бүгінде қалада 314 мыңнан астам оқушы білім алса да, 31 мыңнан астам орын тапшылығы сақталып отыр. Осы мәселені шешу үшін Алматыда жаңа мектептер қарқынды түрде салынуда. Аталған жоба аясында 35 мыңға жуық оқушыға арналған 21 мектеп бой көтерген.

«Биыл 23 мың оқушыға арналған 13 мектеп жұмыс істеп тұр, тағы 8 мектеп жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беріледі», — деді білім бөлімінің басшысы Қарлығаш Ақмұрзаева.

Баспасөз туры барысында әсіресе, Алатау ауданына ерекше көңіл бөлінді. Себебі мұнда оқушы орындарының тапшылығы 5 мыңнан асады. Жаңа мектептер осы жүктемені азайтып, балаларға жайлы әрі сапалы білім алуға мүмкіндік беріп отыр.

Бағыттың негізгі нысандарының бірі — №213 мектеп болды. Мектеп директоры Өмірбек Айтуғанұлының айтуынша, білім ордасы 2000 оқушыға арналған, бүгінде мұнда 1625 бала білім алады, олардың басым бөлігі Теректі шағынауданынан.

«Материалдық-техникалық база толық қамтамасыз етілген. Қауіпсіздік деңгейі жоғары: мектеп ішінде 134, сыртында 43 бейнебақылау камерасы орнатылған. Барлық жүйе полиция және білім басқармасымен біріктірілген», — деді ол.

Мектептер заманауи технологиялармен қамтамасыз етілген. Оқу үдерісінде 3D-принтерлер, робототехника құрылғылары, дрондар, сондай-ақ жасанды интеллект пен виртуалды шындық элементтері қолданылады. «VR-көзілдіріктер арқылы зертханалық сабақ өткізіледі, ал Canva сияқты платформалар оқу материалдарын дайындауда қолданылады», — деді директор.

Сондай-ақ цифрландыру мен қауіпсіздікке басымдық берілген: мектепке кіру карта арқылы жүзеге асады, ал асханада Face ID жүйесі арқылы оқушылардың тамақтануы есепке алынады.

Инклюзивті білім беру бағытында да жағдай жасалған. Мектептерде сенсорлық бөлмелер, логопед пен дефектологтарға арналған кабинеттер қарастырылған. 

«Мұнда балалар тынышталып, жайлы ортада білім ала алады», — деді №154 мектеп директоры Қаламқас Алмасбаева.

Ата-аналар жаңа мектептердің сапасын жоғары бағалап отыр. 

«Ұлым заманауи бағдарламаға бейімделе алмай қалады ма деп алаңдадым. Бірақ оқу үдерісі түсінікті әрі қызықты ұйымдастырылған. Тіпті ата-аналар жиналысы да ерекше форматта өтеді», - деді №154 мектеп оқушысының әкесі Элис Олегович.

Оның айтуынша, мектептің жабдықталуы балалардың білімге қызығушылығын арттырады. 

«Физика, химия, биология сабақтарында нақты тәжірибе жасалады. Осының арқасында білімді жақсы меңгереді», - деді ол.

Сондай-ақ ол ұлының жетістіктерін атады. 

«Ол робототехника мен 3D-басып шығаруға қызығып, модельдеу мен сайт жасауды үйренді. Қазір өзінің жобасы бар. Бұл оқу үдерісінің дұрыс ұйымдастырылғанының нәтижесі», - деп ол.

Журналистерге оқушылардың шығармашылық бастамалары да көрсетілді. Мектептердің бірінде кітапхана мен ағылшын тілі мұғалімдерінің қолдауымен оқушылар ағылшын тілінде шығарма оқып, сол бойынша театрландырылған қойылым қояды.

Балалардың жеке қабілетін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, №154 мектептің 7-сынып оқушысы Наиль Ғафиатуллин даму ерекшелігіне қарамастан ағылшын тілінде мультфильмдерді дыбыстап, тіл меңгерудегі жоғары деңгейі мен шығармашылық әлеуетін көрсетуде.

Баспасөз туры «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы игі шарамен жалғасып, мектеп аумағында «Түлектер аллеясы» ашылды. Бұл бастама экологиялық мәдениетті қалыптастырып, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеуге бағытталған.

«Бұл біз үшін маңызды күн. Біз тек аллея ашып қана қоймай, балаларға экологиялық мәдениет, жауапкершілік және командалық жұмыс дағдыларын қалыптастырамыз», — деді Айза Мұхтарқұлова.

«Келешек мектептері» жобасы аясындағы білім ордалары инклюзивті білім беруге арналған заманауи кабинеттермен, сенсорлық бөлмелермен және мамандардың жеке жұмыс істеуіне арналған кеңістіктермен жабдықталған.

Химия, биология, физика кабинеттері, сондай-ақ ұлдар мен қыздарға арналған шеберханалар жаңа технологиялармен қамтамасыз етілген. Бұл сапалы білім алуға кең мүмкіндік беріп, жайлы оқу ортасын қалыптастырады.

«Мен дәл осы мектепте оқитыныма қуаныштымын», - деді №217 мектеп оқушылары.

Жалпы, Алатау ауданындағы жаңа мектептер — білім берудің заманауи моделінің айқын көрінісі. Мұнда технология, қолжетімділік және әр оқушының жеке дамуы басты назарда.

Бүгінде «Келешек мектептері» жобасы нақты нәтиже беріп, технология, ғылым және гуманитарлық бағыттарда бәсекеге қабілетті жаңа буынның сапалы білім алуына жол ашып отыр.

Оқи отырыңыз: Алматыда «Гүлденген мегаполис» атты көрме өтеді

Новости партнеров