Мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету және тұрғындарды дер кезінде ақпараттандыру — мегаполис дамуының басты бағыттарының бірі. Бұл материалда әлеуметтік төлемдерге, тұрғын үй субсидияларына және инженерлік желілерді пайдалануға қатысты қала тұрғындарынан жиі түсетін сауалдарға ресми түсініктемелер берілген, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Сұрақ: Көмек кімдерге беріледі және оның мөлшері қалай есептеледі?
Жауап: Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 120-бабына сәйкес, АӘК тұрғылықты жері бойынша тіркелген, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан аспайтын аз қамтылған азаматтарға беріледі.
Алматы қаласы бойынша 2026 жылдың І тоқсанындағы көрсеткіштер:
Ең төменгі күнкөріс деңгейі — 62 058 теңге;
АӘК тағайындау шегі (бір адамға) — 43 441 теңге.
АӘК мөлшері әр отбасы мүшесіне белгіленген шек пен отбасының нақты табысы арасындағы айырма ретінде есептеледі. Көмек алудың міндетті шарты — еңбекке қабілетті мүшелердің жұмыспен қамту шараларына қатысуы.
Сұрақ: Отбасының қандай табысы ескеріледі және көмек қандай жағдайда беріледі?
Жауап: Тұрғын үй көмегі коммуналдық қызметтер мен тұрғын үйді күтіп ұстау шығындары отбасының жиынтық табысының 5%-ынан асқан жағдайда тағайындалады. Көмек келесі шығындарды өтеуге бағытталады:
Кондоминиум нысанын басқару және ортақ мүлікті күтіп ұстау;
Күрделі жөндеу және коммуналдық қызметтер (су, газ, жарық, жылу, қоқыс шығару, жеделсаты);
Байланыс қызметтері (телефон үшін абоненттік төлем).
Рәсімдеу үшін тіркелген жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) жүгініп, табысты растайтын құжаттар мен түбіртектерді ұсыну қажет.
Сұрақ: Неліктен газ құбырына қосылу жұмыстары тек жылыту маусымы аяқталғаннан кейін жүргізіледі?
Жауап: Күзгі-қысқы кезеңде басты басымдық — қолданыстағы тұтынушыларды газбен үздіксіз қамтамасыз ету. «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңға сәйкес, тұтыну деңгейі жоғары кезде жүйеге араласу (қосылу, монтаждау) қысымның төмендеуіне немесе апаттық жағдайларға әкелуі мүмкін. Сондықтан жаңа абоненттерді қосу жұмыстары жылыту маусымы аяқталған соң басталады.
Сұрақ: Электр желілерін коммуналдық қызметтің теңгеріміне беру тәртібі қандай?
Жауап: «Электр энергетикасы туралы» Заңның 13-1-бабына сәйкес, желілер олар тікелей қосылған энергия беруші ұйымға беріледі. Өтініш беруші келесі құжаттарды дайындауы тиіс:
Құқық белгілейтін құжаттар және техникалық паспорттар;
Жобалық және атқарушылық құжаттама;
Нысанды пайдалануға қабылдау актісі.
Техникалық аудит нәтижесінде кемшіліктер анықталса, олар толық жойылғанға дейін желілер теңгерімге қабылданбайды.
Сұрақ: Көше шамдары қай уақытта қосылып, өшіріледі?
Жауап: Алматыда сыртқы жарықтандыру жүйесі толық автоматтандырылған. Шамдар күн батқан сәтте қосылып, таң атқанда өшіріледі. Күзгі-қысқы кезеңде күннің қысқаруына байланысты жұмыс уақыты күн сайын орта есеппен 1-2 минутқа өзгеріп отырады.