Дархан Сатыбалды ЕҚДБ президентімен Алматының инфрақұрылымын дамыту мен жаңа жобаларды талқылады

02.07.2026 17:59
пресс-служба акима Алматы

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) президенті Одиль Рено-Бассомен кездесті. Тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыру және қала инфрақұрылымы, көлік, энергетика, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

ЕҚДБ басшысының Қазақстанға сапары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысы аясында өтіп жатыр. 

Дархан Сатыбалды ЕҚДБ-ның Қазақстанмен ынтымақтастығы басталғалы бері елдің дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады. 

«Алматы – еліміздің ең ірі экономикалық орталығы әрі Қазақстан дамуының негізгі қозғаушы күштерінің бірі. Бүгінде қала республика экономикасының шамамен төрттен бір бөлігін қалыптастырып, жетекші іскерлік әрі инвестициялық орталық мәртебесін сақтап отыр. Біз үшін халықаралық серіктестермен қаржыландыру бағытында ғана емес, сонымен бірге олардың заманауи қалалық шешімдерді енгізудегі тәжірибесін пайдалану тұрғысынан да ынтымақтастықты дамыту маңызды», – деді Алматы әкімі.

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – ЕҚДБ, Қазақстанның даму банкі және Азия даму банкі қолдауымен жүзеге асырылып жатқан Алматыдағы 2-ЖЭО-ын жаңғырту жобасы болды.

Сонымен қатар тараптар Алматы халықаралық әуежайын дамытуға бағытталған бірлескен жобаларды, оның ішінде жаңа жолаушылар терминалын салу, сондай-ақ Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы (ҮАААЖ) жобасын талқылады.

Кездесуде тұрақты даму мәселесіне де ерекше мән берілді. Алматы ЕҚДБ-ның Green Cities бастамасына қосылған Орталық Азиядағы алғашқы шаһар. Тараптар қала инфрақұрылымын жаңғырту, рельсті көлік жүйесін дамыту және жаңа инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін «жасыл» қаржыландыру тетіктерін пайдалану бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру жайын қарастырды.

Оқи отырыңыз:  Жаңа Конституция күшіне енуіне байланысты балалар айрықша сурет салды