Құрылтай халық мүддесін тиімді жүзеге асыратын жаңа институтқа айналуы тиіс - сарапшылар

02.07.2026 18:45

Қазіргі жағдайда шешімдерді жедел қабылдап, заман талабына сай әрекет ету маңызды

«Жаңа Ата Заң – халықтың Конституциясы. Себебі ол – халықтың еркін білдіретін негізгі құжат». Экономика ғылымдарының докторы Рахман Алшанов елдегі маңызды саяси өзгерістерге қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, бұған дейін жұмыс істеген қос палаталы Парламентте заң қабылдау үдерісі ұзаққа созылатын. Ал қазіргі жағдайда шешімдерді жедел қабылдап, заман талабына сай әрекет ету маңызды. Осы тұрғыда жаңадан құрылатын Құрылтай халықтың мүддесін тиімді қорғайтын институтқа айналады деген сенім білдірді.

«Жаңа уақыттың талабы бойынша екі палаталы Парламентте заң қабылдау үдерісі ұзаққа созылатын. Қазір жедел шешім қабылдайтын уақыт. Осыған байланысты ең маңызды өзгерістердің бірі – Сенат пен Мәжілістің орнына Құрылтайдың құрылуы. Бұл бастамаға үміт көп. Бұрын Конституция жоғарыдан қабылданса, бүгінгісі – халықтың Конституциясы. Ендеше, халық ретінде оған талап қоя білуіміз керек», – деді «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов.

Сондай-ақ заң ғылымдарының докторы, профессор Өмірәлі Жалаири Конституциялық реформалардың ел дамуы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның пікірінше, жаңа Ата Заңда білім, ғылым және адами капиталды дамытуға ерекше басымдық берілуі – уақыт талабына сай шешім. Сонымен қатар, Құрылтайдың құрылуы тек саяси өзгеріс қана емес, ұлттық дәстүр мен заманауи мемлекеттік басқаруды сабақтастыратын маңызды қадам екенін айтты.

«Жоғарғы заң шығару органын біз “Парламент” деп атадық. Бұл сөз француз тілінен аударғанда “сөйлеу” деген мағынаны білдіреді. Ал екі палаталы Парламент бізге тән емес. Себебі Қазақстан – біртұтас унитарлы мемлекет. Сондықтан бір палаталы Құрылтайға көшу – дұрыс шешім. Құрылтай – халқымыздың тарихи институты. Бұрын ата-бабаларымыз елдің маңызды мәселелерін дәл осы Құрылтайда шешкен», – деді Д. А. Қонаев атындағы университеттің президенті Өмірәлі Жалаири.

Оқи отырыңыз: Жаңа Конституция әділетті қоғам мен әлеуметтік әл-ауқатты арттыруға бағытталған - сарапшылар