Цифрландыру және жасанды интеллект: Алматы әкімі негізгі кәсіпорындардың диспетчерлік қызметінің жұмысын тексерді

Бірқатар нысанда үдерістердің ашықтығын арттыруға бағытталған автоматтандырылған есепке алу жүйелері енгізілген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды сумен жабдықтау, жылумен қамту және электр энергетикасы салаларындағы кәсіпорындардың диспетчерлік қызметінің жұмысымен, сондай-ақ қаланың инженерлік инфрақұрылымын басқаруда цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізу барысымен танысты, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Цифрлық шешімдермен танысу «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының диспетчерлік қызметінен басталды. Әкімге су құбыры және кәріз желілерінің жай-күйін онлайн режимде бақылауды, қысым деңгейін қадағалауды және апаттық бригадалардың жұмысын жедел үйлестіруді қамтамасыз ететін орталықтандырылған басқару жүйесінің жұмысы таныстырылды. Барлық негізгі үдеріс бірыңғай цифрлық контурға біріктірілген, бұл тәуекелдерді дер кезінде анықтауға және нақты деректерге сүйене отырып шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Келесі нысан — «Алматы жылу жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диспетчерлік қызметі болды. Мұнда қаланы жылумен қамтуды орталықтандырылған басқару жүйесі ұсынылды. Аталған жүйе нақты уақыт режимінде желілердің жұмыс параметрлерін қадағалап, жүктемені талдайды және мәселелі аумақтарды жедел оқшаулауға мүмкіндік береді. Цифрлық платформаларды пайдалану жылумен қамту жүйесін неғұрлым дәл әрі болжамды басқаруға негіз болады.

Сапар барысында «Алматы электр станциялары» акционерлік қоғамының орталықтандырылған бақылау пунктіне ерекше назар аударылды. Мұнда жасанды интеллект элементтері қолданылатын жаңғыртылған бейнебақылау жүйесі енгізілген. Өндірістік нысандарда 1,5 мыңнан астам бейнекамера орнатылып, олар еңбек қауіпсіздігі, еңбекті қорғау, өртке қарсы талаптар мен еңбек тәртібінің сақталуын бақылау үшін пайдаланылады.

Бейнеталдау жүйесін қолдану құқықбұзушылықтарды автоматты түрде анықтауға, адами фактордың әсерін азайтуға және орталықтандырылған бақылау пункті арқылы жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Кәсіпорын мәліметінше, 2025 жылғы маусым-тамыз айлары аралығында өндірістегі құқықбұзушылықтар саны шамамен 66%-ға қысқарған. Бұл енгізілген цифрлық шешімдердің практикалық тиімділігін растайды.

Сонымен қатар бірқатар нысанда үдерістердің ашықтығын арттыруға бағытталған автоматтандырылған есепке алу жүйелері енгізілген.

Қорытындылай келе, әкім қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін жүйелерге цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологиясын енгізу нақты нәтижеге — негізгі инженерлік нысандардың қауіпсіздігін, сенімділігін және тұрақтылығын арттыруға бағытталуға тиіс екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып, тиімді шешімдер кезең-кезеңімен кеңейтілетін болады.

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі қалалық сервистерді цифрландыру бойынша міндеттерді айқындады

Новости партнеров