Референдумға дейін:
22
күн
23
сағат
35
минут

Дархан Сатыбалды Алматының электр желілерін жаңғыртуды жеделдетуді тапсырды

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаланың электрмен жабдықтау инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиында атқарылған жұмыстардың нәтижесі қаралып, 2026 жылға және одан кейінгі кезеңге арналған басым бағыттар бекітілді. Бұл туралы Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының өкілдері айтты, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қала әкімі сенімді энергиямен қамту – мегаполистің тұрақты дамуының, тұрғындардың өмір сапасын арттырудың және жаңа инвестициялық жобаларды іске асырудың негізгі шарты екенін атап өтті.

Жаңғырту бағдарламасы аясында 2026 жылы 379 шақырым электр желісін қайта жаңарту жоспарланып отыр. Оның ішінде 269 шақырымы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның басқаруындағы желілер. Сонымен қатар 14 жаңа жобаны іске қосу және 8 өтпелі жобаны жалғастыру көзделген.

Басымдық жаңа қосалқы станциялар мен тарату пункттерін салуға, сондай-ақ әуе желілерінің бір бөлігін кабельдік форматқа көшіруге беріледі. Бұл шаралар энергия жүйесінің тұрақтылығын арттырып, қаланың қолданыстағы және жаңа аудандарын үздіксіз электрмен қамтуға мүмкіндік береді.

Негізгі жобалар қатарында Жетісу ауданындағы «Кирпичная» қосалқы станциясының құрылысы, Нұр-Алатау шағынауданын электрмен жабдықтауды дамыту, сондай-ақ Бостандық, Наурызбай, Алатау және Медеу аудандарындағы желілерді қайта жаңарту бар. Аталған жобаларды іске асыру апат деңгейін төмендетіп, электрмен қамту сапасын жақсартуға және инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жалпы жаңғырту аясында жаңа қосалқы станциялар салу, трансформаторлық пункттерді қайта жаңарту және электр беру желілерін жаңғырту қарастырылған. Бұдан бөлек, қызмет көрсетудің жеделдігін арттыру және апаттарды жою уақытын қысқарту үшін жаңа аудандық пайдалану бөлімшесін құру жоспарланып отыр.

Кеңес қорытындысы бойынша Дархан Сатыбалды барлық жоспарланған жобаларды уақытылы іске асыруды, орындалатын жұмыстардың сапасына бақылауды күшейтуді және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға жүйелі тәсілді қамтамасыз етуді тапсырды.

Кешенді шараларды жүзеге асыру энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, желілердің тозу деңгейін төмендетуге және Алматының одан әрі тұрақты дамуына жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Алматыда Тұңғыш Президент саябағын қайта жаңғырту басталады

Новости партнеров