Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұрия Ниязова Алматының Бас жоспарын түзету жобасы бойынша өткен қоғамдық талқылауларға қатысты, деп хбарлайды Almaty.tv.
Нұрия Ниязова қала тұрғындарының белсенділігін және пікірталастың ашық форматта өтіп жатқанын атап өтті.
«Біз әріптестерімізбен бірге Алматыға жұмыс каникулы аясында келдік. Бұл қатысқан алғашқы іс-шараларымыздың бірі. Талқылаулар үшінші күн қатарынан өтіп жатыр және қала тұрғындарының Бас жоспарды түзету жобасына қызығушылығын көріп отырмыз. Дегенмен, көтеріліп жатқан мәселелердің басым бөлігі әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, саябақ пен жол мәселесі сынды нақты бағыттарға қатысты», — деді сенатор.
Оның айтуынша, жаңартылған Бас жоспар жобасымен жұмыс істеген мамандардың кәсіби пікірін ескеру маңызды. Талқылаудың жекелеген бөлігі экология мәселесіне арналды. Сенатор бұл бағыттың қалалық деңгейде де, салалық министрліктер деңгейінде де бақылауда екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Нұрия Ниязова азаматтардың өтінішімен одан әрі жұмыс істеуде аудан сәулетшілерінің рөлі ерекше екенін айтты. Оның пікірінше, көптеген мәселені дәл осы деңгейде шешуге болады.
«Аудан сәулетшілерінің рөлін ерекше атап өткім келеді. Олардың жұмысы неғұрлым нақты әрі сапалы болуға тиіс. Бұл бүгін залда көтеріліп жатқан сұрақтардың бір бөлігін сол жерде шешуге мүмкіндік береді. Біз бұл мәселені қала басшылығымен талқылаймыз», — деді ол.
Нұрия Ниязова конструктивті диалог пен Бас жоспарды пысықтау мегаполистің үйлесімді дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.
«Талқылаулар жалғасып жатыр. Біз әріптестерімізбен бірге бұл мәселеге тереңірек үңіліп, әкімдікпен бірлесіп жұмыс істейміз. Алматы қаласы қолайлы әрі заманауи мегаполиске айналады деп сенемін», — деп сөзін түйіндеді сенатор.
Оқи отырыңыз: Дархан Сатыбалды «Қалқаман» жаңа метро бекетінің құрылысымен танысты