Ал балалар дронмен футбол ойнады
Қала күніне орай шаһарда роботтар мен заманауи технологиялар ұсынылған Digital Fest Almaty фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Панфилов көшесі бойында ұйымдастырылған мерекелік іс-шарада қала тұрғындары мен қонақтары цифрлық технологиялармен танысып қана қоймай, көне қала көрінісін тамашалап, робот-суретшіге жеке портретін салдыруға мүмкіндік алды.
Қала күні биыл да ерекше тойланып, шаһардың әр ауданында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Соның бірі – интерактивті Digital Fest Almaty фестивалі. Мұнда заманауи технологиялар, жасанды интеллект, дрондар мен түрлі инсталляциялар ұсынылды. Басты жаңашылдықтың бірі үлкен шатыр астындағы цифрлық көрме болды. Онда қонақтарды бірнеше компания алып келген роботтар қарсы алды. Біреуі қала символына айналған алмаларды кессе, екіншісі оларды шоколадқа батырып, келушілерге ұсынды. Ал тағы бірі тәттілерді таратумен айналысады.

«Іс-шараға екі робот алып келдік. Біреуі КР4, екіншісі КР10. Кез келген функцияны жасауға болады. орталықта 5 робот тұр. Олар функциясына байланысты әртүрлі. Мерекеге кішігірім және орташа роботты алып келдік», – деді компанияның техникалық директоры Дархан Қарманов.
Сондай-ақ келушілерге Алматы туралы деректі бейнеролик көрсетілді. Туынды нейрожелі арқылы Мемлекеттік мұрағат ұсынған фотосуреттер негізінде дайындалған. Онда шаһардың 1955 жылдан бастап болашақ бейнесіне дейінгі сәттер қамтылған.
Іс-шараның басты кейіпкерлерінің бірі – робот суретші. Небәрі 1,5-2 минуттың ішінде бір портрет салуға мүмкіндігі бар. Ерекшелігі өзі суретке түсіреді, өңдейді және бейнеңізді салып береді. Құрылғы нейрожелі арқалы жұмыс істейді.
«Алматы тұрғындарын, қонақтарын қала күнімен құттықтаймын!. Өте күшті! Әкімдікке, рақмет айтамын! 16-17 қыркүйектен бастап күнделікті ойын-сауық кештері болып жатыр. Барлығына қатысып келеміз!» – деді қала тұрғыны.

«Алматы Cover Show, Панфилов көшесінде түрлі көрмелер өтіп жатыр. Мен өте қуыныштымын! Себебі бұл – халық үшін үлкен мереке!», – деді қала тұрғыны.
Балалар мен жасөспірімдерге ойын-сауық бағдарламалары дайындалған. Арнайы алаңда дрон-футбол ойындары өтті. Қатысушылар команда құрып немесе жекелей дрондарды басқарып, қарсыластарының қақпасына доп салуға тырысты. Сондай-ақ цифрлы садақ ату аймағы да қарастырылды.
Олжас Омарбек, Думан Дәулетбақұлы
Оқи отырыңыз: Almaty Cover Show: қала күніне орай өткен шоуға 50 мыңнан астам көрермен жиналды