2030 жылға қарай Алматыда бір тұрғынға шаққандағы жасыл желекпен қамтамасыз ету көрсеткіші 15 шаршы метрге дейін ұлғайтылады

12.02.2026 14:26
пресс-служба акима Алматы

Алматыда жасыл желек қорын жаңарту мен дамытуға бағытталған кешенді бағдарлама жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жасыл желектің қазіргі жағдайы және 2026 жылға арналған көгалдандыру жоспары қаралды. Бұл туралы қаланың Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері айтты, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

2018-2019 жылдары жүргізілген түгендеу қорытындысына сәйкес, қала аумағында 4,3 миллионнан астам ағаш өседі. Жасыл желектерді ғылыми негізде және жүйелі басқару мақсатында 2026-2030 жылдарға арналған бес жылдық дендрологиялық жоспар әзірленіп жатыр. Құжат жаңа түгендеу мен орман-патологиялық зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып дайындалып, жасыл қорды сауықтыру, жаңарту және орнықты дамытуға бағытталған кешенді шараларды қамтиды.

2026 жылы қаланың барлық ауданы бойынша дендрологиялық жоспарды әзірлеу жұмыстары аяқталады деп жоспарланған. 2027 жылдан бастап көгалдандыру және жасыл аймақтарды жаңарту жұмыстары бекітілген құжатқа сәйкес жүргізіледі.

Ағаштардың санитарлық жай-күйі мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып отыр. 2022 жылдан бері жасыл желек қорын жаңартуға арналған бес жылдық бағдарлама іске асырылып келеді. Көшелерді қайта жаңарту аясында биіктігі 5-6 метр болатын ірі көлемді ағаштар, сондай-ақ қалалық ортаға бейімделген бұталар кезең-кезеңімен отырғызылады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2030 жылға дейін 2,5 миллион жасыл желек отырғызуды көздейтін Жол картасы жүзеге асырылып келеді. 2023-2025 жылдар аралығында 1,06 миллионнан астам көшет егілді. 2025 жылы алғаш рет ірі көлемді ағаштарды жаппай отырғызу басталып, бұл толыққанды жасыл инфрақұрылымды жедел қалыптастыруға және қалалық ортаның жайлылығын арттыруға мүмкіндік берді. 2030 жылға қарай бір тұрғынға шаққандағы жасыл желекпен қамтамасыз ету көрсеткішін 15 шаршы метрге дейін жеткізу жоспарланған.

Сонымен қатар жасыл желектерді зиянкестер мен аурулардан қорғау бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасып отыр. 2020 жылдан бері химиялық-биологиялық өңдеу жүргізіліп, соның нәтижесінде зақымдану деңгейі 20-22%-ға дейін төмендеді.

Оқи отырыңыз: Алматы әкімдігінің өкілдері апатты ғимараттың бұзылуына қатысты түсініктеме берді