Сахна төрінде күйлер орындалып, патриоттық әндер шырқалды
Ұлттық әуен, мың бұралған би мен мерекелік көңіл күй. Алматыда Ұлттық домбыра күні, Астана күні және жаңа Конституцияның күшіне енуіне арналған мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Сахна төрінде күйлер орындалып, патриоттық әндер шырқалды. Кеште Жолбарыс Сейфуллин, Мәлік Жамбылұлы сынды отандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетсе, шығармашылық ұжымдар ұлттық нақыштағы әсерлі билерін ұсынды.
Осылайша ұйымдастырушылар жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік рухты сіңіріп, ұлттық құндылықтарға деген құрметті дәріптеуді мақсат еткен.
«Мерекелік концерттің басты ерекшелігі – үш мерекені бір арнаға тоғыстыру. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттық кодымызды, яғни домбыра өнерін дәріптеу, жас елордамыздың мерекесін атап өту және мемлекетіміз үшін маңызды оқиға саналатын жаңа Конституцияның күшіне енуінің мән-маңызын халыққа кеңінен түсіндіру», — деді Бостандық ауданы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Төрежан Өтеген.
Оқи отырыңыз: Алматыда пластик қалдығын азайтуға бағытталған жаңа жоба таныстырылды